Мемлекеттік мекемесі

Қызылорда қалалық мәслихаты

Қызылорда қалалық мәслихатының сайтына қош келдіңіз!

Мемлекеттік рәміздер

KZ

RU

Жаңалықтар

 

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс жетпісінші сессиясы болып өтті.

 

Күн тәртібіндегі бірінші «Қызылорда қаласы әкімінің есебі туралы» мәселесі бойынша қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы 2020 жылдағы Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Өз кезегінде депутаттық корпус қалада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар барысын оң бағалады.

Сонымен қатар, «2016-2020 жылдарға арналған Қызылорда қаласының даму бағдарламасын бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2015 жылғы 24 желтоқсандағы №51/3 шешіміне тиісті өзгерістер енгізілді.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс алпыс тоғызыншы сессиясы болып өтті.

 

Күн тәртібіндегі «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №278-53/2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, қала бюджетінің салаларға бағытталуы бойынша түсіндірме берді.

«Қызылорда қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы» мәселесі бойынша қаламыздағы бірқатар атауы жоқ көшелерге атау беріліп, кейбір құрамдас бөліктердің атауына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, қалаға қарасты Белкөл кентіндегі 3-линия  көшесін «Айкөпеш Мәлікаждар» есімімен қайта атау туралы шешім жобасы келісілді.

 «Қызылорда қалалық мәслихатының аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттық кестесі қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес қайта бекітілді.

Ағымдағы жылғы 23 қазан күні Қызылорда қалалық мәслихатының «Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия отырысы өтіп, оның жұмысына Н.Ахатов төрағалық етті.

Күн тәртібінде "2020 жылға арналған қала және қалаға қарасты кент, ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы туралы " мәселесіне орай қалалық қаржы бөлімінің басшысы С.Айменов хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қазіргі уақытта белгілі себептерге байланысты бөлінген қаржыларды игермеген қалалық бағдарлама әкімшілеріне тиісті жұмыстарды жеделдету бойынша мәслихат депутаттары тарапынан ұсыныстар берілді.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс алпыс сегізінші сессиясы болып өтті.

 

Күн тәртібіндегі «2020-2022 жылдарға арналған кент және ауылдық округтер бюджеттері туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 25 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған қаржыларға түсіндірме берді.

 «Қызылорда қаласының Қоғамдық кеңесінің ережесін және құрамын бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 15 наурыздағы №224-38/4 шешіміне және «Қала әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2013 жылғы  26 ақпандағы № 14/2 шешіміне тиісті өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес «Қалалық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2014 жылғы 29 шілдедегі №35/1 шешімінің күші жойылып, «Қызылорда қалалық мәслихатының аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесі қайта бекітілді.

Сенбілік

 

Күзгі тазалық шаралары аясында ағымдағы жылдың 17 қазан күні қаламыздың «Келменбет батыр» саябағында Қызылорда қалалық мәслихатының қызметкерлері сенбілік өткізді.

 Сенбілік барысында саябақ аумағы қоқыстардан тазартылып, қураған ағаш жапырақтары жинастырылды.

Тұрақты комиссиялардың отырысы өтті

 

2020 жылдың 21 қазанында қалалық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Алдымен, «Құқық қорғау және әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасы  Қ.Ерназаровтың төрағалығымен   Қызылорда қалалық мәслихатының «Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жүзеге асырылуы туралы» №221-38/1 шешімінің орындалуы барысы туралы мәселесі қаралды.

Комиссия отырысы  «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі»  тұрақты комиссиясының төрағасы М.Кәрімбаевтың төрағалығымен   жалғасып,  онда қала мен елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, жою, көму және өндеу және «Қалалық электр тарату торабы» МКК-ның атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы және қалалық құрылыс бөлімінің атқарған жұмыстары мен перспективалық іс-шаралары туралы мәселелері талқыланды.

Басқосуда көтерілген мәселелерге байланысты қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Есмаханов, қалалық тұрғын үй коммуналдық  шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Б.Далабаев, «Қалалық электр тарату торабы» МКК-ның директоры О.Дәуенов және қалалық құрылыс бөлімінің басшысы П.Шамұратов хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берді.

Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты комиссия қорытындысымен тиісті органдар назарына ұсыныстар берілді.

№1 «Қызылжарма» сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Жақсылықов Ғалымбек Жақсылықұлы бекітілген кестеге сәйкес қала тұрғынын жеке мәселесі бойынша қабылдады.

Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 67-ші сессиясы өтті.

 

Үстіміздегі жылдың 12 қазаны күні қалалық мәслихаттың мәжіліс залында ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХХХҮІІ (алпыс жетінші) сессиясы болып өтті.

Сессия отырысына қала әкімі Н.Нәлібаев, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібіне енгізілген «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №278-53/2 шешіміне өзгерістер  енгізу туралы» мәселеге орай қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, қала бюджетінің салаларға бағытталуы бойынша түсіндірме берді.

№7 «Ақмешіт» сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы бекітілген кестеге сәйкес жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.

Депутаттарға арналған «Біздің Депутат» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2020 жыл қорытындысы негізінде үздіктер рейтінгісі анықталды.

Республика бойынша «Үздік депутат-2020» медаліне 2 бас қала, 12 облыс және облыс орталықтарындағы 9 қала депутаттары лайық деп танылды.

Үздіктер қатарында Қызылорда қалалық мәслихатының №4 «Абай» сайлау округінен сайланған депутаты Нақып Әнуар Мәуленұлы да бар.

Белсенді әріптесімізді марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!

Ағымдағы жылдың 2 қазанында Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы, Қызылорда облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Р.Боханова «Өңірде отбасы және гендерлік саясатты іске асырудың проблемалары туралы» мәселесі бойынша бірқатар сала басшыларымен және мамандармен кездесті.

Кездесу барысында өңірде қалыптасқан отбасы саясатының өзекті мәселелері мен тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтардың алдын-алу шаралары, әйелдерді жұмыспен қамту, оның ішінде, пробациялық есепте тұратын азаматшаларға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін тұрақты ұйымдастыру, қыздар мен әйелдер арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында әйел-теологтарды дайындау, аналардың барлық құқықтары мен бостандықтары және басқа да маңызды мәселелері толығымен қамтылған «Ана мәртебесі» туралы Заң қабылдау қажеттігі, сондай-ақ тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлер мен жасөспірімдерге құқықтық, әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету мәселелері пысықталды.

Өз кезегінде талқыланған мәселелер мен ұсыныстарды қалалық

мәслихат хатшысы Р.Боханова Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның онлайн режиміндегі жедел жұмыс кеңесінде баяндады.

Сонымен қатар, кездесу барысында алдағы уақытта Қызылорда облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия жанынан Жедел құқықтық көмек көрсету тобы құрылатынын және оның жұмысының маңыздылығы атап өтілді.

Жалпы аталған топтың негізгі жұмыс бағыты - Елбасы                              Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында отбасы құндылықтарын дамыту және отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда әлеуметтік жауапкершілігін, тепе-теңдігі мен нәтижелігін арттыру, сондай-ақ аумақты секторларға бөле отырып, тұрғындармен кездесу барысында көтерілген олардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді, нәтижелі шешілуіне ықпал жасау болып табылады.

1 қазан – Қарттар күніне орай, Қызылорда қалалық мәслихатының бірқатар депутаттары өз сайлау округтеріндегі қазыналы қарттарды мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Үлгі-өнегесі дариядай қариялар ақ баталарын беріп, ел дамуына бағытталған әрбір игі іске тілекші екендіктерін жеткізді.

Қызылорда қалалық мәслихатының кезекті 66-шы сессиясы өтті.

 

Үстіміздегі жылдың 28 қыркүйегі күні ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті ХХХХХХVІ (алпыс алтыншы) сессиясы болып өтті.

Сессия отырысына қала әкімі Н.Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты облыстық ветеринария басқармасы мен бірқатар қалалық мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияның күн тәртібіне 3 мәселе енгізіліп, талқыланды.

Негізгі мәселелер - «Қызылорда қаласындағы ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ветеринарлық бақылау мәселелері туралы» мәселесі бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетовтің және «Жергілікті ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі міндеттерін орындауының барысы туралы» қалалық полиция басқармасының бастығы Е.Искаковтың баяндамалары тыңдалып, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Аталған мәселелерді сессия қарауына әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған басқосулар мен депутаттық аралау жұмыстарының қорытындысы бойынша құзырлы органдарға бірқатар нақты ұсыныстар берілді.

Тұран төрінен орын алған қос ғасыр көшінде талай тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен, Алаш қайраткерлерінің табаны тиген,  ұлт зиялыларының ізі қалған қасиетті мекен Сырдың бас шаһары Қызылорда қаласының мерекелік күні жоғары деңгейде аталып өтті.

Қала күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шаралар аясында  ағымдағы жылдың 25 қыркүйегі күні облыс орталығында «Денсаулық және демалыс» саябағы, Жаппасбай батыр көшесіндегі 600 орындық жаңа мектеп, дәрігерлер аллеясы пайдалануға беріліп, мемлекет және қоғам қайраткері Ы.Қалиевтің ескерткіш бюсті ашылды. Сонымен бірге, мереке аясында сол жағалаудан салынған көпқабатты тұрғын үйлердің пәтер кілттері табысталып, үй иелерін зор қуанышқа бөледі.

Мерекелік шараға қатысушылар «Сыр ана» алаңына жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Аталған шараларға қалалық мәслихат депутаттары да қатысып, қызылордалықтардың қуанышын бөлісті.

Салтанатты шаралар легі осы «Сыр ана» алаңында қорытындыланып,  қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтарға «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы табысталды.

Айта кетерлігі, аталған нысандардың құрылысын жүргізуге қалалық мәслихаттың құрылысшы-депутаттары зор үлес қосты. «Сыр Ана» монументін абаттандыру жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты И.Ли, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы көпқабатты тұрғын үйлердің салынуына «Астана сервис» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты М.Әбдіқалықов,

«Бақ Береке 2030» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты  Қ.Ерназаров жүргізіп, халықтың игілігіне ұсынды. Сонымен қатар, қалалық «Денсаулық және демалыс» саябағының құрылыс жұмыстарын «Бақ Береке 2030» ЖШС директоры, қалалық мәслихат депутаты  Қ.Ерназаров  жүргізді.

Қарқынды құрылыс алаңына айналған Қызылорда жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, тұрғын үймен қамту көрсеткіші еселеп артып, тұрғындардың сапалы да жайлы тұрмыс кешуіне барлық жағдай жасалуда. Халқымыздың айнымас бірлігінің, тату тірлігінің арқасында Сырдың бас шаһары жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Біз баршамыз аймағымыздың тарихымен, дәстүрімен, сүйікті қаламыздың көркем келбетімен мақтанамыз.

 

 Қала күні мерекесі құтты болсын!

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Жергілікті Ішкі істер органдарының Қызылорда қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі міндеттерін орындауының барысы туралы» мәселесі  қаралуы жоспарлануда.

Осыған орай, 24 қыркүйек күні саладағы өзекті мәселелерді алдын-ала зерделеу мақсатында депутаттық аралау шарасы ұйымдастырылды.

Шара барысында қалалық полиция басқармасына қарасты Жедел басқару орталығының және №2 Учаскелік полиция пунктінің жұмысы зерделеніп, өзекті  мәселелері назарға алынды.

Қазіргі таңда 17 бейнекамера орнатылған көп қабатты үй аулаларын жарықтандыру, жаңадан бой көтерген шағын аудандарға бейнекамералар орнату қажет етіледі. Сондай-ақ,  №2 Учаскелік полиция пунктінде құжат айналымы қағаз жүзінде жүргізіледі, жұмыс бөлмесі тар, жиһаздар ескі, телефон, планшет, компьютер жеткіліксіз, қызметтік автокөлік тозған.

Депутаттық аралау шарасында көтерілген барлық мәселелер қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылатын болады.

№5 «Әл-Фараби» сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Абдуқалықов Муса Жақыпұлы бекітілген кестеге сәйкес жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.

Мәслихат хатшысы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы»!

 

Қала күні мерекесі қарсаңында Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Боханова Роза Аяғанқызы   «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Роза Аяғанқызы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері, қаланың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан,  түрлі салаларда  жауапты   қызметтерді абыроймен атқарып, жоғары ұйымдастырушылық, талапшылдық, іскерлік қабілеттерімен   елге танылған тұлға.

Марапатты  қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  табыстап, бірнеше қызметтерде абырой биігінен көріне білген, жастардың бағыт-бағдарына кеңес беріп, түрлі салада қажырлы еңбек етіп, туған жерін түлеткен Сырдың жанашыры, көргені көп, түйгені мол азаматтарды марапаттарымен құттықтап, алдағы байыпты бастамаларына табыс тіледі.

«Тасбөгет» кентінің әкімі сайланды

 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің әкімі лауазымына сайлау өтті.

Сайлау өткізу жөніндегі отырысқа қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова төрағалық етіп, таңдаушылар – қалалық мәслихат депутаттары әкімдікке үміткерлер С.Әбдіқадіров  пен С.Сыздықовқа дауыс берді.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ергешбаев дауыс санау нәтижесінде таңдаушылардың басым дауысына ие болған үміткерді жариялады.

Сайлау барысында дауыс беру және сайлау қорытындыларын анықтау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген сайлау рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылды.

«Отбасы күніне» орай қазақстың әдет-ғұрпын құрметтеп, салт-дәстүрін берік ұстанған инабатты, ибалы қазақ келіндерін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты жас келіндер байқауында Қызылорда қалалық мәслихатының қызметкері А.Қуандық жүлделі ІІ орын иегері атанды.

Облыс бойынша 20 келін қатысқан дәрстүрлі сайыс биыл ерекше форматта өткізілді. Қатысушылар байқау шартына сәйкес онлайн түрде өздерін таныстырып, өз өнерлерін көрсетіп, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайлы қойылған сауалдарға жауап берді.

Әділқазылардың шешімімен үздік деп танылған келіндер марапатталып, дипломдар мен алғыс хаттар, арнайы сыйлықтар табысталды.

Бүгін қала әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен «Дала күні - 2020» алғашқы егін орағын салу рәсімі өткізілді. Шараға  қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев қатысты.

Ең алдымен күзгі дала жұмыстарына дайындық барысы және Ы. Жахаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Бұдан кейін ауыл ақсақалдары астықтың мол түсім беруіне тілектестік білдіріп, батасын берді.

Егін орағының лентасы қиылған соң, қала әкімі науқандық жұмыстардың басталуымен құттықтады.

Биыл жалпы аумағы 8 мың 747 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған қала дихандары айтарлықтай табысты көрсеткіштерге қол жеткізуді межелеп отыр.

Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Р.Боханова қалалық полиция басқармасының бастығы Е.Искаковпен және басқарма бастығының бірінші орынбасары Е.Құдайбергеновпен кездесіп, қыркүйек айында өтетін мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібіндегі «Жергілікті ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі міндеттерін орындауының барысы туралы» мәселесін пысықтады.

 Кездесу барысында қаладағы жол қауіпсіздігі мәселелері, жергілікті полиция қызметі тарапынан атқарылып отырған шаралар барысы, ҚР Президенті Жолдауында айтылған учаскелік полиция инспекторларының беделін көтеру, олардың халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы және тағы да басқа өзекті мәселелер талқыланды.

Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Р.Боханова облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Әпетовпен кездесіп, қыркүйек айында өтетін мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібіндегі «Қызылорда қаласындағы ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ветеринарлық бақылау» мәселелерін пысықтады.

 Кездесу барысында қала бойынша ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елді мекендердегі ветеринарлық пункттердің техникалық жағдайы, оларды жөндеуден өткізу, материалдық-техникалық базасын нығайту, ветеринарлық пунктерді теңгерімге алу,  ветеринар мамандарға қолдау көрсету және тағы да басқа өзекті мәселелер талқыланды.

«Тасбөгет» кенті әкімі лауазымына үміткерлер сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына  сәйкес ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде Қызылорда қаласына қарасты «Тасбөгет» кенті әкімі лауазымына сайлау өткізу жоспарлануда.

Осыған орай, 4 қыркүйек күні қалалық мәслихаттың мәжіліс залында қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы   М.Кәрімбаевтың  төрағалығымен өткізілген кездесуде аталмыш лауазымға үміткерлер Сейдуәли Әбдіқадіров пен Семсер Сыздықов өз бағдарламаларын депутаттарға таныстырды.

Қалалық  сайлау комиссиясының мәліметі бойынша  Қызылорда қаласына қарасты «Тасбөгет» кенті әкімі лауазымына 2 үміткер тіркелген. Кандидаттардың ұлты – қазақ, білімдері жоғары.

Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегі күні өтетін «Тасбөгет» кенті әкімінің сайлауында ҮІ шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары  үміткерлерге таңдау жасайтын болады.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс алпыс бесінші сессиясы болып өтті.

 

Басқосуға Қызылорда қалалық мәслихаты хатшысының, кезектен тыс ХХХХХХV сессиясы төрағасының міндетін атқарушы М.Кәрімбаев төрағалық етті.

Күн тәртібіндегі «2020-2022 жылдарға арналған кент және ауылдық округтер бюджеттері туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 25 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған қаржыларға түсіндірме берді.

Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Орынбасарұлы  Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай облыс әкімінің «Алғысымен» марапатталды.

Әріптесімізді құттықтай отырып, алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!

Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Қызылорда қаласындағы ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ветеринарлық бақылау мәселелері туралы» мәселесі  қаралуы жоспарлануда.

Осыған орай, 3 қыркүйек күні саладағы өзекті мәселелерді алдын-ала зерделеу мақсатында депутаттық аралау шарасы ұйымдастырылды. Аралау шарасында қалалық мәслихат депутаттары,  облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Әпетов,  Қызылорда қалалық ветеринариялық станция директоры М.Сүлейменов, қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Абдурасулов,  ауыл әкімдері, ауылдық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қалалық ветеринариялық станция жұмысы, Қосшыңырау, Қарауылтөбе  ауылдарындағы ветеринарлық пунктердің қазіргі жағдайы мен саладағы өзекті  мәселелер назарға алынды.

Қазіргі таңда қалада ветеринариялық іс-шараларды атқару үшін кенттер мен ауылдық округтер 9 ветеринариялық пунктпен қамтамасыз етілген. Аталған нысандарды күтіп ұстауға қаражат бөлінбегендіктен жөндеу жұмыстары жүргізілмей, тозығы жетуде.   Қыс маусымында аталған ғимараттарды жылыту үшін отын алуға қаржы,   мүліктің сақталуына күзетші штаты қарастырылмаған, интернет жылдамдығының төмен болуы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге кедергісін келтіруде.

Депутаттық аралау шарасында көтерілген барлық мәселелер қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылатын болады.

Жыл сайын өткізілетін мектепке жол акциясына VI шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары белсенді қатысып келеді. Осы уақыт ішінде мүгедек балалар, көп балалы,  тұрмысы төмен отбасылар, ата-анасы жоқ жүздеген балалардың мектепке баруына көмектер беріліп, көптеген отбасылар ризашылықтарын білдіруде.

Биылғы жылы жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған «Қауіпсіз мектеп ортасы» республикалық акциясы аясында қалалық білім бөлімінің ұсынысына сәйкес мәслихат депутаттары жалғызбасты аналардың  50-ден аса балаларына көмектер берді.

Акция барысында оқушыларға ноутбук, планшет, интернет құрылғылар, оқу құралдары салынған сөмкелер тарту етілді.

Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 64-ші сессиясы өтті.

 

Үстіміздегі жылдың 28 тамызы күні қалалық мәслихаттың мәжіліс залында ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХХХІҮ (алпыс төртінші) сессиясы болып өтті.

Сессия отырысына қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Сессияның күн тәртібіне 3 мәселе енгізіліп, талқыланды.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №278-53/2 шешіміне тиісті өзгерістер  енгізілді.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының  6 бабы 1 бөлігінің 12-1) тармағына және «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы Қызылорда қаласы әкімінің 2020 жылғы 25 тамыздағы №01-11/1994 ұсынысына сәйкес,қаламыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар азаматтарға  «Қызылорда қаласының  Құрметті азаматы» атағын беру туралы»  шешім қабылданды.

«Қызылорда қаласындағы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын сайлау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 11 қаңтардағы №210-35/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық және учаскелік сайлау комиссияларындағы бос орындарға жаңадан мүшелер енгізілді.

Құрметті қызылордалықтар!

 

VІ шақырылымдағы Қызылорда қалалық мәслихаты депутаттарының атынан  Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы мерекесімен   құттықтаймын!

Конституция тәуелсіздігіміздің берік тірегіне, табысты дамуымыздың және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі биік беделінің кепіліне айналды.

Қабылданғанына ширек ғасыр болған Ата заңымыз Қазақстан Республикасының зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі базалық негізін қалап, болашаққа батыл қадам жасауына арқау болды.

Конституция - әлеуетті міндеттер мен алдағы табыстарды иеленудің алтын кілті. Сондықтан Заңмен өмір сүріп, оған құрмет көрсету әрбір азаматтың парызы.

Мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс, жетістіктер тілеймін.

 Елімізде тыныштық болып, халқымыздың ынтымақ-бірлігі арта берсін!

 

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қалалық мәслихат хатшысы

Роза Боханова

«Студент пен депутат үшін сессиядан қиын сынақ жоқ»

 

Халық пен билік арасын жалғап, күрмеулі мәселелердің шешілуіне мұрындық болып жүрген қалалық мәслихаты облыстағы беделді депутаттық корпус болып табылады. Бүгінде онда 17 депутат тұрғындар аманатын арқалап жүр.

Әрине, депутаттың да депутаты бар. Бұл қызметтің жауапкершілігін ұғынған жан халық қалаулысы атану тек төсбелгіні кеудеге тағып, сессия жиынына қатысу ғана емес, қайнаған тіршілік пен қарбаласты байқар еді. Осы орайда депутат пен халық арасын етене байланыстыру, олардың атқарып жатқан байыпты бастамаларын елге насихаттау үшін газетімізде «Сіз не істеп жүрсіз?» атты тұрақты айдар көпшілік назарына жол тартып жүр. Мұны біздің тұрақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Ендеше, аталмыш айдардың кезекті қонағы «Қызылорда Көркем және К» ЖШС директоры, № 16 «Сәулет» сайлау округінің депутаты Жасұлан Жарасбаевпен өткен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Әуел баста осы сұхбатты ұйымдастыру жөніндегі ұсыны-сымызды жауапсыз қалдырдыңыз. Бұл ақпараттық ашықтығыңыздың болмауы ма, әлде, халық пен билік арасында алтын көпір орнатып жүрген

қарбалас тірлікке толы депутаттық қыз¬метіңіздің бір көрінісі деп түсінеміз бе?

– Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп атап өткендей, бұқаралық ақпарат құралдарының қо¬ғамдағы орны ерекше екенін жақсы білеміз. Шаһардағы атқарылып жатқан шараларды насихаттауда сіздердің ең¬бектеріңіз бір төбе. Бірақ, өз басым жариялылықты, ашықтықты аса қала¬маймын. Жасалып жатқан жағымды дүниелерді халық онсыз да жақсы біледі, күн сайын өздері де куә болып жүр. Сондықтан, тау қопарғандай газет бетіне шығуды аса құптай қоймағаным рас. Кешіктіріп, уақыт оздырып алсам, кешірім өтінемін.

– Халыққа әр жерде жақсылық шарапатын жасап жүргенмен, жоғының бәрін түгендеуіңіз мүм¬кін емес. Сіз депутат болғалы округіңізде қандай проблемалар шешімін тапты?

– Мен сайланған №16 «Сәулет» сайлау округіне қаланың Сәулет, Саяхат мөлтек аудандары кіреді. Бұл аумақтардың өзекті мәселелері маған етене таныс. Тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін мәселе – көшелерді асфальттау. Тұрғындардың басым бөлігі инженерлік инфрақұрылым жүйесі жүргізілмей тұрып алынған жер учаскелеріне үй салып алған. Көп жылдан бері жол зардабын шегіп келген халықтың мұң-мұқтажын қала әкіміне жеткізіп, бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешуге уәде еттік. Нәти¬жесінде Сәулет мөлтек ауданында 30 көшеге асфальт төселсе, биылғы жылы да 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сайлау округіме қарасты бірқатар негізгі көшелерге, атап айтқанда – С.Бейбарыс, Жеңіс, Е.Көшербаев, М.Исаев, А.Иманов көшелеріне жаяу жүргінші жолдары салынуда. Сонымен қатар, Саяхат мөлтек ауданында 30 кө-шеге малта тас төселсе, биыл 42 кө¬шеге тас төселіп жатыр. Оның ішінде депутаттық ұсынысыммен №3, 5, 6, 10, 11, 11А, 12, 13, 14, 15 көшелері енгізілді.

– Сайланып алып, сайлаушы¬ларын сол күйі танымай кететін депутаттар бар. Сіз халқыңызбен қаншалықты жақынсыз?

– Депутат – халықтың биліктегі сенімді өкілі. Ел басқарудың өкілді органына сайлана отырып, депутаттар өздеріне артылған сенім жүгінің зор екендігін әрдайым  естен шығармайды. Бүгінде біз халықтың игілігі жолында биліктің өзге буындарымен ынтымақтастықта, бүтін бір құрылым ретінде халыққа қызмет етіп келеміз. Бұл ретте мәслихат одан әрі шыңдалуыма және халықпен етене жұмыс жасаудағы тәжірибемнің артуына үлес қосты деп айта аламын. Қазіргі уақытта халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауап¬кершілік жүгі соншалықты арт¬ты. Сондықтан, өз округымның тұр¬ғындарымен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерінің шешімін табуға барынша атсалысып жүрмін. Сайлаушы мен депутат арасындағы байланыс қоғамдық қабылдаулар арқылы ор-найтындығы белгілі. Дегенмен, еліміздегі пандемиялық ахуалға орай енгізілген карантиндік шектеулерге сәйкес қа¬зіргі уақытта сайлаушылар көбінесе әлеуметтік желілер арқылы мәселелерін көтеріп отырады, алғыстарын жеткізіп тұрады. Қысылтаяң шақта біздің байланыс үзіліп қалған жоқ. Керісінше, осындайда бірлігіміздің арта түскенін аңғардық.

– Өз сайлау окургіңіз бойынша дәл қазіргі уақытта күйіп тұрған қандай мәселелерді атай аласыз?

–       Жоғарыда айта өткенімдей, сай¬лау округіндегі басты проблема – жол. Бұл мәселе қазіргі уақытта шешімін табуда. Өздеріңіз білесіздер, жыл өткен сайын Сәулет, Саяхат мөлтек аудандары тұрғындарының саны да артып, мек¬тепке деген сұраныс көбейді. Осыған байланысты құзырлы органдарға бірнеше жыл қатарынан ұсыныс беріліп келе жатқан болатын. Биылғы жылы Саяхат мөлтек ауданында жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы 600 орындық мектеп құрылысы басталды. Сонымен қатар, қала тұрғындарына жақсы таныс – Сәулет, Саяхат мөлтек аудандарында пайда болған сасық көлшіктердің жағымсыз иісінен жүріп-тұру мүмкін болмай қалған еді. Тіпті, қоқыс алаңына айналып, түрлі инфекциялық аурулардың таралуына себеп болды. Бұл мәселе де өз шешімін тауып, қала әкімінің қолдауымен аталған аумақтардағы көлшіктер көмілді.

– Студент пен депутат үшін сессиядан қиын сынақ жоқ. Сіз үшін қай сессия жұмысы өзінің қиындығымен есте қалды? Халық қалаулылары қандай мәселелерді шешуде ұзақ талқылауға барады?

– Өкілеттік мерзімде депутаттық корпус тиісті салалар бойынша ең маңызды мәселелерді зерделеп, сессия қарауына шығарып, оның орындалу барысын бақылауда ұстадық. Осы орайда депутаттар тарапынан көтерілген кез келген мәселеге жауапкершілікпен қарап, шешімін табуға ықпал жасаған қала басшылығына  ерекше алғыс білдіргім келеді. Жалпы, қала бюджетін бекіту мен нақтылау қызу талқыланады. Себебі, әрбір депутат сайлаушылар аманат еткен мәселелердің бюджетке енуіне бар күш-жігерін салуға тырысады. Ол орынды да. Дегенмен, барлығын бір мезетте шешу мүмкін емес. Бірақ, мәселелердің ұзақ және қысқа мерзімге бағытталған жоспарларға енгізілуіне барынша күш саламыз. Бүгінгі күнге дейін сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстары халықтың күнделікті тұрмыс-тірші-лігіндегі маңызды мәселелерінің шешімін табуына тамшыдай болса да үлес қосылды деп ойлаймын.

– Елдегі пандемия кезінде көп¬теген атымтай жомарт жандар қайырымдылық істің басы-қа¬сында жүрді. “Бар болсаң, бергеніңді айтпа, ер болсаң, жең¬геніңді айтпа” деген бар. Десе де, игі істен халық хабардар болуы керек деп ойлаймын. Бұл орайда сіздің тарапыңыздан қандай шаралар атқарылды?

– Бұл сынақ тұтас еліміз үшін оңайға соқпады. Халқымыз бұған дейін бастан өткерген талай зұлматқа төтеп берсе, бұл ауыртпалықты жеңуде де жігерлілік танытты. Әрине, бұл біздің ауызбіршілігіміздің, тату тірлігіміздің арқасы. Осындай халықтың басына түскен қиын-қыстау кезеңде кәсіпкерлер, қоғам белсенділерімен қатар, халық қалаулылары да үнсіз қалмады. Жең ұшынан қол жалғады. Емдеу мекемелері мен науқас азаматтарға қажетті оттегі конденсаторлары, азық-түлік және бас¬қалай көмек түрінде 17 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Үстіміздегі жылдың 10 шілдесінен бастап бір ай көлемінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының оқшауландырылған 100-ден астам дәрігер мамандарын күнделікті 4 мезгіл арнайы автобуспен тасымалдауға және осы ауруханаға оттегі баллондарын жеткізуге демеушілік жасады. Осындай шарапатты іске аз да болса үлес қос¬қаныма қуанамын.

– Сіз басшылық жасайтын «Қызылорда Көркем және К» ЖШС 20 жылдан астам уақыт шаһар шырайын көркемдеумен айналысып келеді. Қаланың көр¬кею жолында елеулі үлес қосып келе жатқан серіктестік жайында айта өтсеңіз...

– Мектеп кезінен графикаға, дизайн саласына қатты қызығып өстім. Осы бала арманым мені Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрылысшы мамандығына алып келді. Жалпы, біздің буынның өсіп-жетілуі Астана қаласының жасампаз құрылысымен, әлемдік архи¬тектурада өзіндік стиль, өзіндік қол¬таңбасы бар  ғимараттардың бой кө¬теруімен тұспа-тұс келді.  Бұл – біздің рухымызды көтерді, максимализмге толы асқақ арманымызға қанат бітірді. Жоғары оқу орнын бітірместен бұрын, мен келешекте немен айналысатынымды алдын ала жоспарладым.  Осылайша, 2009 жылы «Қызылорда Көркем» мекемесі құрылып, өзім осы мекемеге жетекшілік еттім. Бүгінде ұжымда 57 адам тұрақты жұмыс жасайды. Бірінші кезекте әрбір жұмысшының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек ақысының уақытылы төленуіне баса мән береміз.  Біздің ұжымда қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Тәжірибелі мамандар жаңадан қабылданған қызметкерлерге білгенімен бөлісіп, үйретеді. Яғни, жұмыскерлер арасында сабақтастық бар. Қазір қаланың әрбір бұрышында, даңғылдарда тұрған келісті дүниелердің барлығы өзіміздің мамандардың идеясынан туындаған. Әзірге маман тапшылығы жоқ. Өзіңіз де қала тұрғыны ретінде соңғы жылдары қала келбетінің ерекше әсемделе түскенін байқаған боларсыз. Қызылорда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір болғандықтан сәулеттік формаларды жасағанда көбіне ұлттық құндылықтарға аса мән береміз. Әрбір тұрғын көше бойымен серуендегенде халқымыздың рухани байлығын бойына сіңіріп, жастарымыз жадына тоқып жүрсе екен деген ниет бар.

– Уақыт бөліп, әңгімелес¬кеніңізге рақмет!

 

 

Сұхбаттасқан Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА

 «Ақмешіт апталығы» газеті

№65 (1666) 25 тамыз 2020 жыл

Қалалық мәслихаттың 2020 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өтетін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Қызылорда қаласындағы ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ветеринарлық бақылау мәселелері туралы» мәселесі  қаралуы жоспарлануда.

Осыған орай, үстіміздегі жылдың 19 тамызы күні қала бойынша ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының атқарылуы мен саладағы өзекті мәселелерді алдын-ала талқылау мақсатында отырыс болып өтті.

Басқосуға қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова төрағалық етіп, жүргізді. Талқылау  барысында қала әкімінің орынбасары Б.Нұридинов,   Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Б.Ахметов,   облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы С.Серімбетов,   қалалық ветеринариялық станция  директоры М.Сүлейменов,       қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Абдирасулов, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Г.Сыздықова, қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы А.Есенбаев,   кент және ауылдық округ әкімдері ұсыныс пікірлерін білдірді.

Талқылау отырысында елді мекендердегі мал тоғыту ванналары, мал қорымдары, ветеринариялық пунктерді  күтіп ұстау,  жануарлардан жұғатын аурулардың алдын алу мақсатында залалсыздандыру шараларының ұйымдастырылуы, иесіз жүрген ит-мысықтарды аулау, мал ұрықтандыру, ветеринар мамандарды тұрақтандыру сынды мәселелер көтерілді.

Талқылау барысында көтерілген барлық мәселелер қалалық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылатын болады.

2020 жылдың 19 тамызында қалалық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Алдымен, «Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы Н.Ахатовтың төрағалығымен күн тәртібіндегі жергілікті бағдарлама әкімшілерінің мемлекеттік сатып алу конкурстарын уақытылы өткізу барысы туралы мәселесі қаралды.

Бұдан кейін, «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі» және  «Құқық қорғау және әлеуметтік қолдау мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына комиссия төрағасы М.Кәрімбаев төрағалық етіп, онда жергілікті бағдарлама әкімшілерінің мемлекеттік сатып алу конкурстарын уақытылы өткізу барысы, төтенше жағдайлардың алдын-алу және қорғану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, неке қию бағытындағы азаматтық хал актілерді тіркеу мәселелері мен отбасы құндылықтарын насихаттау барысы туралы мәселелер талқыланды.

Басқосуда талданған мәселелерге байланысты қалалық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы М.Тәуіпбаева, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ж.Түйменов,  қалалық білім бөлімінің басшысы Д.Баймырзаева, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерді тіркеу бөлімінің басшысы И.Ақжігітова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берді.

«Белкөл» кентінің әкімі сайланды

 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, ағымдағы жылдың 19 тамызында Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің әкімі лауазымына сайлау өтті.

Сайлау өткізу жөніндегі отырысқа қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова төрағалық етіп, таңдаушылар – қалалық мәслихат депутаттары әкімдікке үміткерлер А.Ибраимов пен Қ.Шалабаевқа дауыс берді.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ергешбаев дауыс санау нәтижесінде таңдаушылардың басым дауысына ие болған үміткерді жариялады.

Сайлау барысында дауыс беру және сайлау қорытындыларын анықтау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген сайлау рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылды.

8

7

6

5

4

3

2

1