Мемлекеттік мекемесі

Қызылорда қалалық мәслихаты

Қызылорда қалалық мәслихатының сайтына қош келдіңіз!

Мемлекеттік рәміздер

KZ

RU

Жаңалықтар

 

Қалалық мәслихат депутататтары үстіміздегі жылғы 12 тамызда өткен ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының  сайлауына қатысты.  Сайлау барысында депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлер А.Ш.Әлназарова,  А.Б.Қайруллаев, М.А.Сәрсенбаевқа дауыс берді.

Аймақтың барлық депутаттары қатысқан сайлау додасында Ақмарал Әлназароваға 102 (77,8%) депутат дауыс беріп,   Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

Қазіргі таңда, қалалық мәслихат депутаттары өздері сайланған округтердегі инженерлік-инфрақұрылым саласы бойынша жүргізіліп отырған құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды ұйымдастыруда.

 Осыған орай, үстіміздегі жылғы 7 тамыз күні қалалық мәслихат хатшысы, №11 М.Мәметова сайлау округінен сайланған депутат Р.Боханова сайлау округіндегі №23 Ж.Қизатов атындағы мектеп лицейіндегі күрделі жөндеу, «Тағзым» алаңын қайта жаңғырту жұмыстарының сапасын назарға алды.

 Аралау барысында Роза Аяғанқызы мердігер мекемелерге жаңа оқу жылына дейін  мектептегі құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде орындалуы қажеттігін ұсынды. Сонымен бірге, «Тағзым» алаңын қайта жаңғырту барысында аяқ сумен қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді ескере отырып құрылыс жұмыстарын жүргізу,  сапалы құрылыс материалдарын пайдалануға қатысты ұсыныстарын білдірді.

 Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Қалалық мәслихаттың депутаттық корпусы тарапынан пандемия кезеңінде емдеу мекемелеріне көмек көрсету шаралары жалғасуда.

Мәслихат депутаты, «Бақ-Береке» ЖШС директоры Қ.Ерназаров тыныс алу аппараттарын алу үшін 10 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына үміткерлер таңдаушылар – қалалық мәслихат депутаттарымен    кездесті

 

  «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 27 бабына  сәйкес сайлауалды үгіт жұмыстары аясында ағымдағы жылдың 5 тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлер А.Ш.Әлназарова,  А.Б.Қайруллаев, М.А.Сәрсенбаев таңдаушылармен кездесті.

 Кездесуде кандидаттар өз бағдарламаларымен таныстырып, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

 Таңдаушылар 12 тамыз күні өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауына қатысып, таңдау жасайтын болады.

«Белкөл» кенті әкімі лауазымына үміткерлер сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына  сәйкес ағымдағы жылдың 19 тамызында Қызылорда қаласына қарасты «Белкөл» кенті әкімі лауазымына сайлау өткізу жоспарлануда.

Осыған орай, 5 тамыз күні қалалық мәслихаттың мәжіліс залында қалалық мәслихат хатшысы   Роза Боханованың  төрағалығымен өткізілген кездесуде аталмыш лауазымға үміткерлер Ардақ Ибраимов пен Қайыржан Шалабаев өз бағдарламаларын депутаттарға таныстырды.

Қалалық  сайлау комиссиясының мәліметі бойынша  Қызылорда қаласына қарасты «Белкөл» кенті әкімі лауазымына 2 үміткер тіркелген. Кандидаттардың ұлты – қазақ, білімдері жоғары.

Ағымдағы жылдың 19 тамызы күні өтетін «Белкөл» кенті әкімінің сайлауында ҮІ шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары  үміткерлерге таңдау жасайтын болады.

Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 63-ші сессиясы туралы

Үстіміздегі жылдың 5 тамызы күні қалалық мәслихаттың мәжіліс залында ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХХХІІІ (алпыс үшінші) сессиясы болып өтті.

Сессия отырысына қала әкімі Н.Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияның күн тәртібіне 5 мәселе енгізіліп, талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші «Депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» мәселесі бойынша «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және қалалық сайлау комиссиясының ұсынысына сәйкес №3 «С.Торайғыров» сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Пазылов Сәбит Бексейітұлының облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалуына байланысты депутаттық өкілеттігі Өз өтініші негізінде тоқтатылды.

Қала әкімі Н.Нәлібаев С.Пазыловқа депутаттық өкілеттігі мерзімінде

өзіне жүктелген халықтың аманатын абыроймен атқарған қызметіне алғыс білдіріп, жаңа жұмысына сәттілік тілеп, «Қызылорда қаласының Құрмет грамотасын» табыстады.

Сонымен қатар, «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары» бекітіліп, «Қала әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2013 жылғы 26 ақпандағы №14/2 шешіміне тиісті өзгеріс енгізілді.

«Қызылорда қаласындағы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын сайлау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 11 қаңтардағы №210-35/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша учаскелік сайлау комиссияларындағы бос орындарға жаңадан мүшелер енгізілді.

Қалалық мәслихат депутаттары тарапынан еліміздегі пандемиялық ахуалға байланысты әлеуметтік нысандардың қызметіне енгізілген карантиндік шектеулер және  қаладағы қылмыстық ахуал мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелерінің маңыздығы ескеріліп, ағымдағы жылдың қыркүйек айына межеленген кезекті сессияның күн тәртібіндегі «Қызылорда  қаласында мектепке дейінгі білім беру мәселелері және даму перспективалары туралы» мәселесін қарау кейінге шегеріліп, «Жергілікті ішкі істер органдарының Қызылорда қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі міндеттерін орындауының барысы туралы» мәселесі енгізілді.

Құрметті қызылордалықтар!

 

Баршаңызды мұсылмандар үшін қасиетті «Құрбан айт» мерекесімен қалалық мәслихаттың депутаттық корпусы  атынан шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан Айт – ізгілік  пен мейірімділіктің, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы. Бейбітшілік пен татулыққа үндейтін қасиетті мереке - елдің береке-бірлігін бекемдеп, халықты қанағат пен қайырымдылыққа шақыруда өлшеусіз рухани үлес қосып келеді.

 Ендігі жерде, қасиетті мереке – еліміздің амандығы мен жақсылықтардың бастауы болып, халқымыздың басына қиындық түсірген індет тезірек аяқталып, мамыражай күндеріміз қайта келсін деген тілек  білдіремін.

Қасиетті мейрамда ізгі ниеттеріңіз сауаптан жазылсын.

Әрбір шаңыраққа амандық пен зор денсаулық, бақ береке тілеймін.

Құрбан айт қабыл болсын!

 

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы

Р.БОХАНОВА

Әнуар Нақып – қала тұрғындары арасында көпшілікке танымал есім. Қалалық мәслихат депутаты ретінде өз ой-пікірін ашық айта алатын азамат. Табанды талап қоя біліп, марайма мінезімен сессияларда үнемі әлеуметтің мәселесіне байланысты сауалдарға жауап іздейді.

Осының нәтижесінде игі істердің ұйытқысы болып, округ тұрғындарының алғысын алып жүр.

Жасыратыны жоқ, қарапайым тұрғындар арасында «Осы біздің депутаттар не істеп жүр?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы сауалға жауап іздеу мақсатында «Сіз не істеп жүрсіз?» айдарының бүгінгі қонағы – «Қызылорда қалалық мәдениет және демалыс паркі» ШЖҚ МКК

директоры, №4 «Абай» сайлау округінен сайланған депутат Әнуар Нақып.

– Бүгінде елімізде қауіпті індетке байланысты халықтың жағдайы қиындағаны белгілі.

Бұған депутаттар қандай қолдау көрсетуде?

– Біздің облысымызда ең алғаш 28 наурыз күні екі жағдай тіркелді. Алғашқыда халық әртүрлі жалған ақпараттарға сеніп, биліктің жасап жатқан карантин шараларына наразылық танытып, немқұрайлы қарады.

Біздер депутаттар осы індетке қарсы қала ішіндегі сауда саттық орындарына, базарлар, дүкендер және халық көп жиналатын жерлерге рейд жасап, халық арасында карантиндік және сақтық шараларын қатаң сақтауы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік және бұл шаралар әлі жалғасын табуда.

24 маусым күні қалалық мәслихаттың кезекті XXXXXXII сессиясында «Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселелері туралы» қарап, онда халықтан түскен арыз-шағымдар және медицина саласындағы қордаланған мәселелерді қозғап, әрбір депутат өзі сайланған учаскесі бойынша және жалпы қаладағы емханалар мен дәріханалардың жұмысы жайлы ұсыныстарын берді.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделушілердің саны күрт өсуі және аурухана қызметкерлерінің барлығы «Сырдария» тынығу лагеріне орналасқаны, олардың жұмыс орнына қатынауы қиындық туғызып отырғаны және оттегі баллондарын тасымалдауы да қиындық туғызып отырғанынан хабардар болып, депутаттар шұғыл жиналып, кеңесіп, бір ауыздан көмек қолын созу мақұлданды. Депутаттар өз қаражаттары есебінен аурухана қызметкерлерін тасуға автобус және оттегі баллондарын тасуға жүк таситын көліктерін бір айға жалдап, көмек қолын созды.

Өкінішке орай, бүкіл әлемді жайлаған COVID-19 індеті біздің елімізде де орын алып, соңғы кездері ауырғандар саны күрт өсіп, бірнеше мыңдаған адамға жетті.

– Мәслихаттың әрбір сессиясында үнемі депутаттық сауал жолдап отырасыз. Ал сайлаушылар аманаты бойынша сіздің тарапыңыздан қандай мәселе шешімін тапты?

– Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Халықтың мұң-мұқтажын, арыз-шағымын тыңдап, оны билікке жеткізіп, шешімін табу жолын қарастыру бұл әрбір депутаттың міндеті деп есептеймін. 2016 жылы №4 «Абай» сайлау округінен депутат болып сайланып, содан бері сайлаушылармен байланысымызды үзген емеспін. Одан бөлек жылына екі рет сайлаушылар алдында есеп беремін және ай сайын тұрғындарды сұрақтарымен жеке қабылдау өткізіп отырамын. Тұрғындар арасында көп қойылатын сұрақтар – ол ауыз су, аяқ су, көшелерді жөндеу (асфальттау), тротуар салу, жарық шамдарын орнату және тазалық жұмысы.

– Сіз сайланған округте қандай мәселе маңызды?

– «Абай» сайлау округі қаламыздың Шанхай жақ бетін қамтиды. Ол жақ беткейде көп қабатты үйлерге қарағанда жеке тұрғын үй болсын. Сондықтан көшелері де көп. Жеке тұрғын үйлер, көшелер көп болғандықтан оның проблемасы да жеткілікті. Бұрынғы кезбен салыстырғанда қазіргі тұрғындардың жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Көшелердің асфальттануы, жарық шамдарын орналастыру, ауыз сумен қамту, тротуар салумен қоса жаңа үлгідегі автобус аялдамалары қойылды. Мен атқарылған жұмыстардың барлығы менің депутаттық сауалымнан кейін істеліп жатыр деп айта алмаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі мемлекет хатшысы, ол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев және қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтардың еңбегі орасан зор. Халықпен етене араласқаннан соң біз үнемі естіп отыратынбыз. Барлық жұмысты қаланың орталық бетіне жасайды, Шанхай бет тұрғындарына еш көңіл бөлінбейді деген пікір бар. Ол басшылар қала халқының тұрғылықты жерлерін бөлген жоқ. Мен халықпен кездескен сайын осыны айтып, түсіндіріп отырамын. Қоғам болғаннан кейін жақсылықпен қоса жамандық та бірге жүреді. Тұрғындар да істеліп жатқан жұмыстарды көріп, рахметін айтып, алғысын білдіріп

отырады.

Мен сайланған учаскеде №112 және №253 мектептер орналасқан. Ол мектептерге көп барамын және олардың жағдайы да маған мәлім, екеуі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі таңда №112 мектепке 50 млн үстінде қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтуде.

– Тұрғындардың жағдайымен таныссыз ба? Округтегі емхана, дәріханалар жұмысы қалай жүруде? Дәрілер жеткілікті ме?

– Округте бір емхана ғана болатын, бұл жалғыз менің емес, тұрғындардың да арасында үлкен мәселе болатын. Бұрынғы темір жол санаториясын жеке кәсіпкер сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, 2018 жылы халықтың игіліне «Alexey Sultan Akhmed» №2 емхана іске қосылып, халыққа қызметтерін көрсетуде. Бұрын халық қаладағы №6 емханаға келетін және кезекте көп уақыттарын жоғалтатын. Қазір бұл мәселе де шешімін тапты.

– Халық қалаулысының ақиқаттың адамы болғаны керек. Олай болса шындыққа қаншалықты жақынсыз?

– Әке-шешеміз кішкентайымыздан «Өтірік айтпа, өтірік – өрге баспайды, кісіні алдама – алдыңнан шығады» деп үнемі ескертіп отыратын. Мен де сол әке-шешеміздің айтып кеткен өсиетін ұл- қыздарыма айтып отырамын.

– Қазіргі таңда мәслихат депутаттарының беделі қандай?

– Менің ойымша депутат болу бедел, я болмаса мансап емес. Барынша халықпен тығыз байланысу, халықтың тұрмысымен таныса білудің өзі өмірлік тәжірибе деп есептеймін. Ертеде өмір сүрген данакөз қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымыздың сол кездегі халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін атадан балаға, анадан қызға үйретіп отырған. Сол атадан, анадан үйренген салт-дәстүрімізді сақтап келеміз. Ол кісілерді мен сол кездің депутаттары деп есептеймін.

– Карантин талаптарына байланысты демалыс саябағы уақытша жұмысын тоқтатқаны белгілі. Мұндағы қызметкерлердің жұмысы қалай жүруде?

– Биыл үшінші жыл қалалық мәдени және демалыс саябағын басқарып келемін. Саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақыттарында демалуға арналған сүйікті орны болып саналады. Қазір карантин талаптарына сәйкес саябақ уақытша жұмысын тоқтатып, қызметкерлердің жартысы уақытша жұмыстан босады және жеке кәсіпкерлер де жұмыстарын тоқтатты. Карантиндік шара жарияланғаннан кейін олардың барлығына түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Олар да елімізде болып жатқан жағдайларды естіп, біліп отырғаннан соң түсіністікпен қарап, уақытша жұмыстан босады.

– Өзіңіздің мінезіңізге сипаттама бере аласыз ба?

– Мінез адаммен бірге қоса туады, өз мінезіме «Мен анандаймын, мен мұнандаймын» деп жату ол өрескел болуы мүмкін. Сондықтан әрбір адамның мінезі өзіне ғана тән дүние деп есептеймін.

– Әттеген-ай деген өкінішіңіз бар ма?

– Өмір болғасын оның ащысы мен тұщысы қоса жүреді. Сол қоғамда өмір сүріп жатқасын басыңнан өткен нәрсенің барлығына шүкіршілікпен қарап төзе білу керек. Шүкіршілік – өмір өткелдерінен алып өтеді. Сондықтан өкінгеннен гөрі, әрбір нәрсеге шүкір айтып, қанағат қылғанды

тәуір көремін.

– Хакім Абай айтқандай, өмірде кірпіш болып қалану үшін қандай әрекет жасаған дұрыс?

– Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз, – дейді.

Міне, бұл жерде Абай атамыз бір шумақ өлеңімен бес дұшпандыққа апарар жолды және бес асыл істі көрсетіп отыр. Әрбір азамат сол бес асыл әрекетті жасаса өмірге кірпіш қалаған болар еді.

– Бүгінде көбісі газет-журнал оқығаннан гөрі, телефонға телміргенді әдетке айналдырған. Сізге қайсысы жақын?

– Ел жағдайын біліп отыру әрбір ел азаматының бойына сінген қасиет деп есептеймін. Қазіргі технологиясы дамыған заманда жастан бастап кәріге дейін смартфон ұстап, әлеуметтік желі арқылы жаңалықтарды біліп отырады. Мен де сол әлеуметтік желі арқылы жаңалықтарды оқып

отырамын. Бұл дегеніміз газет-журнал оқымайды деген емес. Телефоннан гөрі газет-журналдарда кеңінен жазылады. Мен үшін екеуі де жақын.

– Рақмет!

 

Сұхбаттасқан Айтолқын Айтжанова

«Ақмешіт апталығы» газеті

№57 (1657) 28 шілде 2020 жыл

Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінің орталық көшелеріндегі

жаяу жүргінші жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орындықтар,

қоқыс жәшіктері, жарық шамдары орнатылуда. Аталған жұмыстарды

орындауға ауылдың жұмыссыз азаматтары тартылған.

Қызылорда қалалық мәслихатының №17 «Наурыз» сайлау округінен сайланған депутаты А.Сүйінтаев осы жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге қаржылай қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, 1 ірі қара малын сойып, етін ауылдың әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына таратып берді.

VІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттық

корпусы аймағымызда пандемияға қарсы және ел азаматтарының

өмірі мен денсаулығын қорғау көрсетуде.

Үстіміздегі жылдың 10 шілдесінен бастап бір ай көлемінде

облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының оқшауландырылған 100-

ден астам дәрігер мамандарын күнделікті 4 мезгіл арнайы

автобуспен тасымалдауға және осы ауруханаға оттегі баллондарын

жеткізуге қамтамасыз етуге депутаттық корпус демеушілік жасап, көмек

көрсетілуде.

Қалалық мәслихаттың депутаттық корпусы тарапынан пандемия кезеңінде емдеу мекемелеріне көмек көрсету шаралары жалғасуда.

Мәслихат депутаты Қ.Орынбасарұлы 1 дана оттегі концентраторы аппаратын алуға қаржылай қолдау көрсетті.

Пандемияның салдарынан туындап отырған дағдарыс жағдайында

көмек көрсету шаралары депутаттық корпус тарапынан жалғасуда.

Медицина нысандарындағы тыныс-алу аппараттарының тапшылығына

байланысты, кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаттары Б.Ысқақов, И.Ли,

М.Әбдіқалықов оттегі құрылғыларын алу үшін 1 млн теңгеден демеушілік

көмек көрсетті. Аталған қаржыға «Аrmed 7F-51» тыныс-алу аппараттары

алынуы жоспарланған.

Небір нәубет замандарды өткерген халқымыз, бүгінде тағы бір қасіретті уақытты  басынан кешіруде. Әлемді жайлаған індет көптеген әулетті қара жамылдырып, жақындарымызды ортамыздан алып кетуде. Халқымыздың басынан түскен бұл қиындық  өзегімізді өртеуде.

Қызылорда қалалық мәслихаты індет салдарынан қайтыс болған азаматтардың отбасына және жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қимасынан айырылған әрбір отбасыға сабыр тілейміз. Марқұмдардың жаны жәннатта болсын!

Дертке шалдығып, ем қабылдап жатқан науқастардың жазылып кетуіне тілектестік білдіреміз.

«Күндердің де жаманы өтер..» деген дана халқымыз. Тезірек індет аяқталып, мамыражай күндеріміз қайта келеді деп сенеміз.

Ендігі жерде Көк Байрағымыз төмен түспесін!

Қазіргі таңда, бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы біздің еліміз үшін де үлкен сынақ болып отыр.

Мемлекетіміздің ең басты игілігі – ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында, баршамыздың жұдырықтай жұмылып, қиындықтарды бірге еңсеру, сындарлы сәтте меншік нысанына қарамастан барлық құрылымдардың біріге отырып, дер кезінде қажетті шешімдер қабылдаудың маңыздылығын көрсетуде.

Бұл ретте, ел аманатын арқалаған VІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттық корпусы елімізде, оның ішінде аймағымызда пандемияның салдарынан туындап отырған дағдарыс жағдайында, көмекке мұқтаж халықтың әлсіз топтарына қайырымдылық шараларын үнемі ұйымдастыруда.

Депутаттық корпус осы уақыт ішінде төтенше жағдайға байланысты Елбасының бастамасымен құрылған «ВIRGEMIZ» республикалық акциясына қатысып, 4 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек, сонымен қатар, қала көлемінде 200-ге жуық тұрмысы төмен, мүгедек бала тәрбилеп отырған отбасыларға азық-түліктен, оның ішінде осы санаттағы 56 отбасына 1 млн. теңге көлемінде қаржылай  көмек көрсетті.

Бірқатар депутаттар тарапынан қала көлеміндегі тыныс-алу аппаратының тапшылығына байланысты, тиісті емдеу орындарына                  100 дана оттегі баллондарын алуға, өздері басшылық ететін ұжымдардағы науқасқа шалдыққан қызметкерлерді дәрі-дәрмек, тыныс алу аппараттарымен қамтамасыз етуге, ерікті топтардың ұйымдастыруымен індеттің ортасында жүрген дәрігерлерге ас-су жеткізу шарасына және азық-түлік тарату кезінде автокөліктермен қамтамасыз

етуге, қала көшелеріне індеттік ахуалға байланысты ақпараттық билбордтар орналастыруға қолдау көрсетілуде.

Игі шаралардың жалғасы ретінде, қалалық мәслихат жанында пандемиялық ахуал кезеңінде медицина құрылымдарына қолдау көрсету жөніндегі уақытша комиссия құрылды және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, қажетті көмектер көрсету мәселелері қаралды.

Уақытша комиссия шешімімен үстіміздегі жылдың 10 шілде-              10 тамыз аралығында жұқпалы аурулар ауруханасының оқшауландырылған 100-ден астам дәрігер мамандарын күнделікті            4 мезгіл тасымалдауға автобус бөлу және жұқпалы аурулар ауруханасына оттегі баллондарын тасымалдауға қажетті автокөлікпен қамтамасыз етуге депутаттық корпус тарапынан демеушілік көмек көрсетуі жоспарлануда.

Айта кетерлігі, жақсылық істерін жария ете бермейтін VІ шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттарының қайырымдылық көрсетуі осынау сындарлы сәтте ғана емес, өздері сайланған округтегі сайлаушылардың да әлеуметтік мәселелерін үнемі назарға алып, оларға барынша қолдау көрсету - басты ұстанымдары.

Мәселен, өткен жылы қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың III облыстық форумында қалалық мәслихат депутаттары Қ.Ерназаров, Б.Ысқақов облыс әкімінің Алғысымен және М.Абдуқалықов "Отбасыларды қолдағаны үшін" номинациясымен марапаттағандығын атап өткеніміз жөн.

Ал, жекелеген депутаттардың  биылғы жылы жасаған ауқымды іс-шаралардың қатарында Түркістан облысының «Мақтарал» ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 1 млн.теңге көмек беруі, тұрмысы төмен отбасылардың үздік оқушыларын ынталандыру мақсатында смартфондар,  мектеп формаларын тарту етуі, білім ұйымдарының материалдық техникалық базасын нығайтуына, «Талсуат» ауылында 10 млн. теңге тұратын ойын алаңын салуы, ауыр науқастағы 3 азаматтың ем алуына қомақты қаржылай көмек көрсеткендігі жөнінде атап өткеніміз жөн.

Сонымен бірге, бірнеше депутаттар өз қаржысы есебінен Бәйтерек мөлтек ауданынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арнап салынған «Баламекен» тұрғын ауданындағы отбасылардың өтініштеріне сәйкес, 2,6 млн.теңге көлеміндегі қаржыға 22 пәтерге жаңа су құбырларын тартып, жуыну бөлмелерін толықтай жабдықтап беріп отыр.

Алдағы уақытта да VІ шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаттық корпусы еліміздегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлес қосып, халықтың тұрмыс-тіршілігін күнделікті назарда ұстап, олардың мұң-мұқтаждарын зерделеп, қолдау көрсету және шешімін табу бағытындағы игі істерді жалғастыратын болады.

Расында, бұл коронавирус дағдарысы – бірлігіміздің бекемдігін, елін сүйетін отаншыл халық екенімізді көрсетті.

Жұдырықтай жұмылсақ, біз кез келген қиындықты жеңеміз!

«Біз қазір сын сағатында тұрмыз»

Халық қалаулысы атанып, ел мен билік арасында алтын көпір қызметін атқару – үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Бұл орайда қалалық мәслихат депутаттарының үлесі зор. Жасыратыны жоқ, қарапайым тұрғындар арасында «Осы біздің депутаттар не істеп жүр?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы сауалға жауап іздеу мақсатында «Сіз не істеп жүрсіз?» айдарының бүгінгі қонағы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директоры, № 10 «Теміржол» сайлау округінен сайланған депутат Нұржан Ахатовпен сұхбаттастық.

– Дәл қазір депутат ретінде нақты не істеп жүрсіз?

–  Біздің қоғамда аймақтық деңгейдегі өкілетті ор¬гандардың жұмысы көзге көп көріне бермейді. Сол себепті халық арасында әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары ешқандай шаруа бітірмей, бос жүргендей қабылданып жатады. Мұның өзіне тән бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Дегенмен оның бәрін тарқатып отыратындай емес. Ал Қызылорда қалалық мәслихаты әрдайым қаладағы, қоғамдағы өзекті мәселелерді назарда ұстап, халық ара¬сында қызу талқыланып, алаңдаушылық тудырып отырған мәселелерді сырт айналған емес. Айталық, күні кеше қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті.

Сонда денсаулық сақтау саласын қарап, ондағы барлық қордаланған мәселені қозғадық. Қазір біз өте қиын-қыстау кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Коронавирус індеті бүкіл әлемнің дамуын екі өкпеден қысып, тежеп отыр. Дәрігерлердің, медицина саласының шын қадір-қасиетін түсініп жатырмыз. Сессия барысында дәріханалардағы дәрілердің жетіспеушілігі, ауруханалардағы жағдай, жедел-жәрдемнің қызметі, дерт жұқтырған адамдардың үйінде жатып қалай емделуге болатыны жайында тиісті мамандар мен сала басшыларынан есеп алдық. Халықты толғандырған барлық сауалдарды қойдық. Сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың деңгей-дәрежесін анықтап, білдік. Бұл бір ғана мысал.

Ал енді өзім депутат ретінде сайлаушыларға берген уәделерімнің барлығын орындауға тырысамын. Өйткені «Уәде – Құдай сөзі». Қала тұрғындарына ортақ мәселе көп. Оның ішінде, жол салу, ауыз су жеткізу, жарықтандыру, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары. Байқасаңыз, соң¬ғы жылдарда қаламыздағы жолдардың барлығы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл істе елді бөліп-жармай, жұрт көп жүретін орталық көшелерді ғана емес, шет аймақтардағы жолдарды жөндеуге де басымдық беріліп келеді. Міне, осы жұмыста депутаттардың да еңбегі орасан. Себебі оның қаржысын бөлу, тиісті жерге жұмсалуы, жұмыстың сапалы атқарылуы секілді көзге көрінбейтін, жалпы жұртқа білінбейтін мың сан шаруаның бел ортасында депутаттар жүреді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне, тұрғындардың жайлы да қауіпсіз өмірін қалыптастыруға қатысты бастамалар көтеріп, елдің мұңы мен мұқтажын атқарушы биліктің алдына мәселе ретінде қойып, оның шешілу жолдарын қарастырып жүрген де менің мәслихаттағы әріптестерім.

Осы мәселенің барлығы менің сайлауалды бағдар¬ламамда көрсетілді. Халық алдында айтылды. Дегенмен елге берген уәдемнің барлығы бірдей орындалды, бәрі бітті дей алмаймын. Мысалы, №217 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы мәселе әлі толық шешілген жоқ. Мәслихат сессияларында, тиісті орындарда бұл мәселені көтеріп, шешілу жолдарын қарастырып келеміз. Бірақ қаржының аздығы қолбайлау болып тұр. Қазір бұл мәселені келер жылдың бюджетіне енгізуге тырысып жатырмын. Алдағы уақытта білім ошағы толық жөндеуден өтеді деген сенімдемін.

– Тұрғындар көбінесе қандай мәселемен келеді? Қарапайым адамдарды не толған-дырады?

– Қарапайым азаматтар көбіне әлеуметтік жағдайлары туралы өтініш айтып келеді. Баласының еміне, үйін жөн¬деуге қаржы сұрайды, азық-түлікпен қамтамасыз етуді өтінеді. Расында, депутаттың қолында азаматтардың жеке мәселесін шешуге қатысты нақты құралдар жоқ. Бірақ солай екен деп қарап отыруға болмайды. Өйткені олар үмітін арқалап, қандай да бір көмегі болады ғой деген оймен келеді. Сондықтан барынша көмек сұрап келген жанның мәселесін шешіп беруге тырысамын. Ал енді оның барлығын термелеп, осындай көмек бердім, мына жерде қолдадым деу азаматтығымызға сын. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген ғой қасиетті кітапта. Сол себепті көмек сұрап келген адамдардың мынадай мәселесін шештім деп мақтанғандай айтып отыру артық деп есептеймін.

– Сіз сайланған округте қандай мәселе маңызды?

– Қызылорда қаласында 19 сайлау учаскесі бар. Мен №10 «Теміржол» сайлау учаскесінен депутат болып сайландым. Бұл округке Теміржол вокзалынан бастап Ахмет Байтұрсынов, Төле би көшелерінің теміржол беткейіне дейін әрі қарай қалалық ішкі істер басқармасына жалғасып кетеді. Яғни, өзіңіз байқағандай қаланың орталығы. Бас¬қа  округтері мен салыстырғанда, №10 «Теміржол» сайлау округіндегі жағдай әлдеқайда жақсы. Мәслихат сессиясында әріптестерім өз сайлау округтеріндегі жолдарға кәдімгі тас төсеп беруді өтініп жатады. Ал менің округімдегі жолдардың барлығына асфальт төселген. Жарықтандыру, абаттандыру мәселесі шешілген. Ауыз судан проблема жоқ. Дегенмен бұл ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлерді, ауыз су құбыры желілерін, кәріз су жүйелерін, құбырларын қайта жаңғырту секілді қажеттіліктір бар. Бұл мәселе бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Қалалық бюджетке ұсыным беріліп, тиісті қаражат бөлінді. Сонымен қатар, теміржол вокзалы қала¬ның айнасы.  Біраз жөндеу жұмыстары қажет еді. Оған қаралған 140 миллион теңге қаражат қазір бюджеттен бө¬лінді. Ол жұмыста өзінің ретіне қарай бітеді. Міне, осы секілді халықтың мұқтаждықтарын қал-қадіріміз жеткенше көтеріп, оның оңтайлы реттелуіне атсалысып келеміз.

– Елдегі ахуалға байланысты сізді не алаңдатады?

– Қазір әлем үлкен сынақтың алдында тұр. Пандемия жер шарын жайлап кетті. Оның арты экономикалық дағдарысқа әкеп отыр. Дүниежүзінің дамуында іркіліс байқалады. Әлем бұрынғы өзінің қалыпты жүрісінен айырылды. Бұл жер жаһанның бір бөлшегі Қазақстанға да қатысты. Коронавирус індеті бүгінде өршіп кетті. Індеттің алғашқы толқынында төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілсе де, біз бұл вирустың алдын ала алмадық. Оған азаматтарымыздың бейқамдығы да кесірін тигізіп жатыр. Шынын айтқанда, осындай қысылтаяң шақта халықтың той-томалақ жасап, құда күтіп жатқаны таңқалдырады. Әлі вакцинасы табылмаған, бүкіл жер жүзін әбігерге салып қойған індеттің кезінде бейқамдық жараспайды. Оның соңы өз өміріңе қауіп төндіреді. Бұдан бөлек, мұндай індеттің бар екеніне сенбейтіндер де көп. Осындай жауапкершілікті сезінбеудің соңы адамдардың жаппай ауруына, ауруха¬наларда орындардың болмауына, індеттің кең тарап кетуіне себеп болып отыр. Сондықтан әрбір тұрғын өзінің денсаулығына, жақындарының амандығына, айналасының індетке ұшырамауына, дертті жұқтырмауына көңіл бөліп, асқан жауапкершілік танытуы қажет. Біз қазір сын сағатында тұрмыз. Осындай сын сәтін терең сезіну – әрбіріміздің басты міндетіміз. Сол себепті елді жанашырлық танытуға, жауапкершілікті сезінуге шақырамын.

– Енді қызметіңізге қатысты сұрақтарға ойыссақ. Қаладағы қоғамдық көліктердің жағдайы қалай?

– Өздеріңізге белгілі, 2013 жылы «Қызылорда қалалық автобус паркі» құрылды. Бір жылдан соң «Еуропалық қайта құру және даму банк»і арқылы жүзге тарта жаңа автобус алынды. Бұл қаладағы жолаушылар тасымалына оң серпін әкелді. Дей тұрғанмен жаңа автобустар қаланың барлық ауқымын қамти алмайтыны да анық. Оның үстіне қаланың аумағы жыл санап артып келе жатыр. Соңғы жылдардың өзінде Қызылорда қаласында 13 жаңа ықшам аудан пайда болды. «Бәйтерек» шағын ауданында құрылыстың қызу жүріп жатқанын білесіздер. Яғни, қала жыл сайын емес, күн санап өсіп келеді. Мұндай кезде қоғамдық көліктердің қатынасына да өзгерістердің қажет екені анық байқалады. Осы ретте, мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет болды. Біз Алматы қаласындағы «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» мекемесінің ғалымдарын Қызыл¬орда қаласындағы көлік қатынасын зерттеу жайын¬да ұсыныс білдірдік. Олар бұл мәселені жан-жақты зерт¬теп жатыр. Осының өзінде Қызылорда қаласындағы маршруттық бағыттардың жүйелі еместігін анықтады. Бұл өз кезегінде қаладағы жолаушылар тасымалының тиімсіздігін туындатады. Яғни, қоғамдық жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелердің бұл бағыттағы жұмыстарға қызығушылығы төмендеп кеткен. Қазірдің өзінде қаладағы қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын мекемелердің қызығушылығы төмен. Өйткені бұл өзін-өзі ақтамайтын сала қатарына еніп отыр. Сондықтан біз ең алдымен маршруттар сызбасын реттеуді көздеп отырмыз. Егер бұл бизнеске пайдалы болса, онда аталған салаға ірі инвесторларды тартуға мүмкіндік бар. Ал бұл халықтың қажеттілігін шешуге ең бір ыңғайлы бастама болмақ. Сол себепті жұмысты жүйелеу мақсатында алдымен осы саланы жете зерттеп жүрген ғалымдардың еңбегіне сүйенуді жөн санадық. Осындай зерттеу жұмыстары жыл соңына дейін өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. Бұл бір мәселе.

Сала жұмысын жетілдірудің бір бағыты – электронды билет жүйесін енгізу. Жақында қалалық қоғамдық көліктерде электронды төлеу жүйесі енгізіледі. Жолаушыларға электронды төлем жүргізу 90 теңге, қолма қол төлеу 120 теңге болып қалалық мәслихаттың сессиясында белгіленді.

– Өзіңіз соңғы рет қоғамдық көлікке қашан міндіңіз?

– Әр сенбі-жексенбі сайын қоғамдық көліктерге мініп, қарапайым жолаушы ретінде жүретін әдетім бар. Бұл халық тарапынан айтылатын сын мен ескертпелерді елеп-екшеуге, соны саралауға мүмкіндік береді. Қай маршруттың жұмысында жетіспеушілік бар, қайсысы өз уақытын тиімді пайдаланбайды деген секілді мәселелерді көзіңмен көре¬сің. Содан соң қажетті қорытынды жасайсың. Соның нәти¬жесінде қала әкіміне, облыс әкімінің осы саланы бақылайтын орынбасарына ұсыныстарды айтып, жұмысты жүйелеу жолдарын ұсынасың.

– Тәртіпке қаншалықты бағынасыз? Ка¬рантин кезінде қоғамдық көліктер талапқа сай ма?

– Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл бол¬майды» деген. Қоғамның, мемлекеттің негізгі тірегі – тәртіп. Өмірдің өзі белгілі бір тәртіптерге сәйкес құралған. Яғни, өмір салтын сақтау үшін, қалыпты дүниенің жүрісін бұзбау үшін тәртіпті сақтау керек. Мұнан бөлек, мен 20 жылға жуық мемлекеттік қызметте жұмыс істеген адаммын. Ал мемлекеттік қызмет – қатаң тәртіпті сақтау, тапсырылған жұмысты қалтқысыз орындау. Сондықтан өзімді тәртіпті сақтайтын, белгіленген шеңберден аспайтын, айналама зияны тиетін артық қимыл жасамайтын адам ретінде санаймын. Тәртіп реттелмей, оған бағынбай тірлік те дұрыс жүрмейді. Сол себепті тәртіпке бағыну, оны орындау әрбір саналы адамның міндеті деп санаймын.

Ал мынадай індет кезінде Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктер талапқа сай қызмет етуде. Күнделікті дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Әрбір маршруттың соңында тазалық жұмыстары жасалып, автобустағы жағдай бағаланады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қолдан келгенше сақтану шарасы жасалуда.

 – Күнделікті байқап жүргеніміздей, қоғамдық көлікке адамдар көп мінеді, бетперде тақпайды. Сонда бақылау қалай жүргізіледі?

– Жүргізушілер мен кондукторларды күнделікті жұмысқа шығар алдында толық тексеруден өткізіп, жұмыс соңында да олардың іс-әрекетін бағалап отырамыз. «Автобус паркі» тарапынан әрбір қызметкердің жұмысы бақылауда болады. Бақылаусыз жұмыс бітпейді. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, қала әкімі жанындағы мониторингтік топ автобус бағыттарында тиісті қадағалау, бақылау жұмыстарын жұргізіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, автобус бағыттары бойынша жан-жақты бақылау бар. Десек те, тұрғындар тарапынан жауапкершілік аса қатты сезілмей отыр. Автобусқа бетпердесіз міну, ауруды жоқ деп санау, жауапкершіліктің жоқтығы тыйылмай тұр. Біздің жүргізушілер мен кондукторлар, бақылаушы органдар тарапынан қан¬ша ескертпе айтылса да, оны тыңдап, бағынып жатқан адамдар аз. Сондықтан ең алдымен азаматтарымыздың жауапкершілігін арттыру мәселесінде үлкен жұмыстар атқару керек деп ойлаймын. Бұл да қоғам болып бірлесіп, жұрт болып жұмылып атқаратын тірліктің бірі.

– Өзіңізді-өзіңіз қаншалықты құрметтейсіз? Қандай ұстанымды өміріңізге бағдар етесіз?

– Меніңше, әрбір азамат өзін құрметтеуі керек. Өзіне құрметпен қарай алмаған адам өзгенің де қадірін түсіне алмайды. Мен өз шамамды, қадір-қасиетімді тиісті деңгейде білемін деп ойлаймын. Сол себепті өзімнің қоғамдағы орнымды да шамалай аламын. Бұл әрбір жұмыр басты пендеге лайық тірлік болса керек. Ал өмірдегі ұстанымым – адалдық. Адал жүру, ешкімнің ала жібін аттамау – менің негізгі ұстанымым.

– Депутатта бос уақыт бола ма? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

–  Депутаттық деген біздің негізгі жұмысымыз емес. Бұл қоғамдық бағытта атқаратын, ешқандай жалақы алынбайтын, өзіңнің ерік-жігеріңе байланысты құрылатын жұмыс. Ал кітап оқу – бала кезден әдетім. Білім-білігімді арттыру үшін, өзімді үнемі жетілдіріп отырамын. Соңғы кездері қазақ әдебиетінің классиктерімен қатар, Илон Масктің шығармаларын оқып жүрмін. Сонымен қатар, діни әдебиеттерді де жете зерттеп, өзіме қажетті тұстарын түртіп алып жүрмін.

– Газет оқисыз ба?

– Әрине. Қоғамның тамыр бүлкілін сезіну үшін, ел дамуының бағыт-бағдарын анықтап білу мақсатында, әлем¬дегі өзгерістерді қадағалап отыру үшін мерзімді басы¬лымдарды оқып, қажетті ой түйіп отыру керек. Бала кезімде, «Ұлан» газеті мен «Ақжелкен» журналын жаныма серік еттім. Кейін есейе келе республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» секілді басылымдарға жазылдық. Облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерін оқу күнделікті дағдымыз. «Ақмешіт апталығы» газетін әрдайым оқимын. Республикалық, облыстық газеттердің барлығын назарда ұстап, онда жазылған дүниелерді қадағалап отырамын деп толық сеніммен айта аламын.

– Басылым беттерінен «журналистер мына мәселені қозғап шешімін тапса» дегендей көкейде сауал бар ма?

–  Журналистер – қоғамның қозғаушы күші. Халық пен билік арасындағы алтын көпір. Елдің талап-тілегін тиісті жерлерге жеткізіп, оның орындалуын бақылаушы. Қазіргідей алаң-елең шақта журналистердің әрбір мәселеге терең түсіністікпен қарағанын қалаймын. Жазған мақала мен сюжет арқылы адамдар өмірдегі өзгерістерді байқайды, баға береді. Осы ретте, жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеменің басшысы ретінде аталған саладағы соңғы өзгерістерді, яғни, электронды билет жүйесінің енгізілуін насихатталса деймін. Электронды жүйе – азаматтардың арасында мәдениеттілікті қалыптастырады, ашықтық, жариялылық болады. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге тоқтау салады.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, барлық Сыр журна¬листерін өткен кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Әрқашан елдік мәселелердің алғы шебінде жүріп, халықтың мұңы мен мұқтажын жеткізе беріңіздер. Жазарларыңыз таусылмасын!

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

«Ақмешіт апталығы» газеті

№51 (1652) 8 шілде 2020 жыл

"Елдің сенімі бәрінен биік"

Халық қалаулысы атанып, ел мен билік арасында алтын көпір атану – үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Әрине, оның ішінде қалалық мәслихат депутаттарының маңызы жоғары. Жасыратыны жоқ, қарапайым тұрғындар арасында «Осы біздің депутаттар не істеп жүр?» деген сұрақ жиі қойылады. Осы сауалға жауап іздеу мақсатында «Сіз не істеп жүрсіз?» айдарының бүгінгі қонағы – облыстық филармония директоры, №6 «Мұнайшы» сайлау округінен сайланған депутат Талғат Мақашов.

 

– Сонымен алғашқы сауалымыз, дәл қазіргі уақытта сіз не істеп жүрсіз?

– Біріншіден, биыл біздің сайлау округі бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында қарқынды жұмыстар басталды. Осыған орай, құрылысы басталып жатқан көшелердің, жаяу жүргінші жолдарының сапасына, белгіленген уақытында атқарылуына бақылау жұмысын жүргізудемін.

Екіншіден, әлемді алаңдатып отырған COVID-19 пандемиясына байланысты облыста жарияланған карантин талаптарын халық арасында сақталуына да ден қойып отырамын.

Қазіргі күні «Сақтансаң – сақтаймын» деген қағиданы үлкен де, кіші де бұлжытпай орындауы тиіс. Бұл – індетті жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Сондықтан округ, шағын топтағы тұрғындармен кездесулерде осы талап жөнінде жиі әңгіме қозғаймын.

Үшіншіден, қалалық мәслихаттың алдағы сессиясында мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесін қарау жоспарланған. Осы сессияда №6 «Мұнайшы» сайлау округіндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың да әлеуметтік жағынан қорғалудан кем қалмауы және қажетті медициналық жәрдемді тұрақты алып отыруы жайлы өз ұсыныстарымды айтпақпын.

– Сізге сенген халықтың сенімі қаншалықты ақталды?

– Халықтың сенімін қаншалықты ақтағанымды мен өзім айта алмаймын, оны айтатын халықтың өзі. Осыдан төрт жыл бұрын мәслихат депутаттығына сайлауға түскенде маған № 6 «Мұнайшы» сайлау округінің халқы сеніп, дауыс берді. Мен басқарып отырған облыстық филармонияның да негізгі қызметі – халыққа мәдени қызмет көрсету болып табылады. Қалалық мәслихатқа депутат болып сайланғаннан кейін халықпен жұмыс істеу міндеті арта түсті. Азамат үшін елдің сенімінен артық ештеңе жоқ. Өзіме сенген халықтың сенімін ақтау үшін бар білімімді, жинаған өмірлік тәжірибемді қолданып келе жатырмын деп айта аламын.

Өзіме сенген халықтың ризалығын алу үшін әлі де көптеген шаруа жасауым керек. Өйткені қала іргесі жыл санап кеңейген сайын, шет аймақтың шешілетін мәселесі де өсе түседі. Мәселе тынбай еңбек еткен кезде ғана кезең-кезеңімен шешіліп отыратынын өзіңіз де жақсы білесіз.

– Сайлаушылардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу әрбір депутаттың басты міндеті. Өзіңіз сайланған округтен қандай мәселені көтердіңіз?

– Сайлау округі тұрғындарын ай сайын жеке мәселелерімен қабылдаймын. Өз округімдегі сайлаушылар алдында есеп беру жиналысында және тұрғындармен кездесулерде шешімін таппай жатқан мәселелер жөнінде ұсыныстар мен өтініштер айтады. Шет аймақта болғандықтан тұрғындардың ұсыныстары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарға қатысты. Осы мәселелердің ше¬шімін табуы үшін тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдап отырамын.

Жергілікті тұрғындардың ұсыныстарына сәйкес және қала әкімінің қолдауымен қалалық бюджеттен 14,4 млн теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 540 метр болатын «Ақмаржан-14» көшесіне, 7,2 млн теңге қаржыға 240 метрден асатын Есет батыр Көкіұлы көшесіне және ұзындығы 1050 метрлік Махамбетов (бұрынғы «Ақмаржан-35») көшесіне жаңадан асфальт жабындысы төселіп, тұрғындардың және автокөлік құралдарының қозғалысына қолайлы жағдай жасалынды. Бұған қоса, С. Торайғыров пен Достық көшелерінің бойында ағымдағы жол жөндеу жұ¬мыстары атқарылды. Сонымен қатар, Мұнайшы су қоймасынан Қорқыт ата көшесіне дейінгі ауыз су желілерін қайта жаңғыртуға 108 млн теңге қаржы бөлініп, оның 97 млн теңгесі игерілді, ұзындығы 4 шақырым ауыз су желісі тартылды. Бұл жұмысты атқару барысында мал базары аумағындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, П.Артемов, Достық, Ынтымақ көшелерінің бойларындағы 1 шақырымнан асатын су құбырлары кеңейтіліп әрі жаңартылды.

Осы бағытта биыл ауқымды жұмыстар бас¬талып кетті. Қазір М.Пірімбетов көшесін орташа жөндеуден өткізу, Жаппасбай батыр көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмысы, 2 көшенің аяқ су жүйесін орнату басталды. Жалпы біздің сайлау округі бойынша 2020 жылы 17 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 5 көшеге малта тас төселеді, 9 көшенің бойына жаяу жүргінші жолы салынып, 6 автобус аялдамасы орнатылады.

Өткен жылы 12 азамат жеке қабылдауда болып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша өтініштерін білдірді. Бұл мәселелер Қызылорда қаласының әкімі мен оның орынбасарларына және тиісті қалалық бөлімдерге жолданып, өтініш егелеріне тиісті заң шеңберінде жауап қайтарылды.

2019 жылы округтің сайлаушыларымен көшелерде 11 рет шағын топтармен кездесу өткізілді. Осы кездесулерде тұрғындар өздері тұратын аймақтың инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуға байланысты өтініш білдіріп, бұл жөнінде тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолданып, көтерілген мәселе ретімен шешімін тапты.

Биылғы жылы да тұрғындардан түскен өтініштерге байланысты атқарушы органдар мен тиісті мекемелерге 6 рет депутаттық сауалдар жолданып, бірқатар мәселелер шешімін тапса, қалғандарының шешілу жолдары қарастырылуда.

– Сессия отырысына қаншалықты дайындалып барасыз?

– Әр жылдың соңында келесі жылы қалалық мәслихаттың сессиясында қаралатын мәселелер жоспарланады. Депутаттар да жыл көлеміндегі сессияның күн тәртібіне өз ұсыныстарын береді. Ал, кезекті немесе кезектен тыс сессияның болатындығы және оның күн тәртібі туралы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы талабына байланысты әр депутатқа 10 күн бұрын хабарланады.

Сессияның күн тәртібінде қаралатын мәселелерге байланысты әр депутат өз дайындығымен барады. Қаралатын мәселеге байланысты тиісті материалдарды жинақтап, мәселенің оңынан шешілуіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерімді, ойымды айтып отырамын. Кейде тұрақты комиссия отырыстарында қызу пікірталас болып тұрады. Бір мәселе төңірегінде түрлі пікір айтылған жағдайда, дұрыс шешім қабылданады. Мәселен, өткен жылы 4 кезекті және 15 кезектен тыс сессия, 15 тұрақты комиссия отырыстары өткізіліп, сессия қарауындағы 51 мәселе бойынша тиісті шешім қабылданды.

– Депутат болған мәртебе ме, әлде ауыр жүк пе?

– Халыққа қызмет ету үшін даңқ пен мәртебе қуып жұмыс істеу қажет емес. Халық қызметшісі болу үшін аса биік лауазымның да қажеті шамалы. Бар болғаны халқыңа шын ықылас-ынтаңмен жұмыс істегенің жетеді. Біреуге жақсылық жасадым деп, мақтаншылық ету де азаматқа жарастықты мінез емес. Әрине, депутаттық міндет негізгі қызметтен тыс жұмыс болғандықтан, өзіндік қиындықтары да болады. Кездескен кедергілер мен қиындықтарды жеңіп отыру – бізге міндет. Осы жолда тұрғындардың сенімін ақтауды басты мақсат деп білемін.

– Халық қалаулысы ретінде көбінесе қарапайым тұрғындармен етене араласасыз. Олардың тұрмыс жағдайымен танысасыз. Осы орайда, қоғамдағы әлеуметтік жағдайға көңіліңіз тола ма?

– Әрине, бес саусақ бірдей емес. Халықтың арасында тұрмысы төмен отбасылар, асыраушысы жоқтар, жұмыссыздар, мүгедек жандар бар екені жасырын емес. Қоғамның осы тобына жататындарға атқарушы органдар мен мемлекеттік мекемелер тарапынан әлеуметтік қолдаулар қажет. Тіпті мемлекет тарапынан, қажет болған жағдайда демеушілер мен жекелеген, жанашыр азаматтардан да қолдау жасалынса артық болмайды.

– Жұмыстың ең ауыры – халықпен тіл табысып, жұмыс істеу. Уәдеде тұру сіз үшін қаншалықты маңызды?

– Жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза: «қолыңнан жақсылық істеу келсе – халыққа жаса, соның ішінде өзің де барсың» деген. Халықтың ішінде біте қайнасып жүрсең, неге тіл табыса алмау керек? Шерағаң халықтан ажырама дегенді меңзеп тұрған жоқ па? Ал уәде беру, оны орындау – аза¬маттық іс. Орындалмайтын уәде беріп, халықты алдауға болмайды. Бейуәдешіл болу – ең сүйкімсіз іс.

– «Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен мәнді» дейді. Өмірді қалай бағалайсыз? Өзіңізді мақсатқа жеткен жанмын деп санайсыз ба?

– Менің түсінігімде бүгін «болдым, толдым» деген адам тоқырауға ұшырайды. Өйткені, заман бір орнында тұрмайды. Елбасымыз елімізді әлемнің дамыған елдері қатарына қосылуды алға мақсат етіп қойды. Осының өзі көп нәрседен хабар береді ғой. Ел дамымаса, оның халқының күйі не болмақ? Сол секілді әр адам өзінің алдына мақсат қоюы тиіс. Мақсатсыз адам болмақ емес. Менің де приципім осындай.

Сұрағыңыздағы «Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен мәнді» дегеніңіз өте дұрыс сөз. Мазмұн, мағынасыз өмір сүру босқа өмір кешу дегенмен тең.

Әрине, қол жеткізген мақсаттарым да баршылық, ғұмыр болса, алға қойған міндеттерім де бар.

– Отбасында ер адамның жоғары тұратыны белгілі. Бала тәрбиесі – үлкен бір ғылым. Ұрпақ тәрбиелеуде қандай мәселеге мән берген жөн?

– Қазақта қашаннан да отбасының басшысы отағасы екені ежелден белгілі. Біздің әулетімізде де осы үрдіс қалыптасқан. Қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы тәрбие жұмысында ұмыт қалмауы тиіс. Бала тәрбиесінде қазақи дәстүрге мән берген дұрыс деп есптеймін. Баланың бойында ұлттық менталитет қалыптасқаны жөн. Ұлы Абай «толық адам» туралы сұраққа жауап іздегенде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек» демей ме? Отбасындағы әр бала «толық адам» болуы керек. Мен өзім ата-ана ретінде де, педагог ретінде де осыған мән беремін.

– Абайдың қара сөзін оқымады дей алмаймын. Сол қара сөзден өзіңізге бағдар еткен бір жолын атасаңыз?

– Хакім Абайдың қара сөздері ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы ғой. Ақынның осындағы қайбір сөзі де адам өміріне қажетті екені белгілі.

Маған «...Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады...» деген он төртінші қара сөздегі бір жолы ұнайды.

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

«Ақмешіт апталығы» газеті

№45 (1646) 16 маусым 2020 жыл

«Халыққа уәде етсем, шешімін табуға жұмыс істеймін»

Елдегі төтенше жағдай, екі ай карантиндік режим қалыпты өмірдің қалпын бұзғаны рас. Көбіміз қашықтан жұмыс жасап, үйден әрі аспадық. Технология дамыған заманда өмір сүргеннің арқасында, барлық хат-хабар әлеуметтік желі, ұялы байланыс арқылы қолжетімді болды. Десе де, қызметі тікелей халықпен байланыстылар қайтті екен? Әсіресе, халық қалаулылары карантинде не тірлік атқарды? Не істеп жүр? Осы орайда, қалалық мәслихат депутаттарын «Сіз не істеп жүрсіз?» айдарымен сұхбатқа шақырған едік. Алғашқы қонақ – «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Шәріп Әбдірахманов.

 

– Шәріп Әкбарұлы, екі ай карантинде сіз не істедіңіз?

– Төтенше жағдай кезінде де қиындықтарға қарамастан толыққанды жұмыс жасадық. Халықпен байланыс үзілген жоқ. Ара қашықтық бағыттағы жұмысты жүргізуді де игердік. Жедел өтініш қабылдау желісі тұрақты жұмыс істеп тұрды. Одан бөлек әлеуметтік желілер, ватсап байланысы арқылы түскен өтініштер де қаралды. Карантин режимі енсе де әлеуметтің мәселесімен осылай хабардар болдық.

– Өндірістік саладан депутаттыққа дейінгі жолды көрдіңіз, жүгі ауыр жолға қалай келдіңіз?

– Алғашқы еңбек жолымды 1988 жылы облыстағы тұрмыс қажетін өтеу өндірістік бірлестігінде инженер маманынан бастадым. Кейін өндірістік техникалық бөлім бастығы, қала әкімдігінде өндіріс, құрылыс, көлік және байланыс бөлімінде кеңесші болдым. Ал, 1996 жылы қала әкімдігінің ұсынысымен шаруашылық есептегі «Зеленхоз» мекемесінде басшылық қызметін атқардым. Бұдан кейін де бірқатар салаға басшылық жасадым. Ал, депутаттық жолым 1999 жылдың желтоқсан айында басталды. Сол жылы өткен жергілікті мәслихат депутатының сайлауында қалалық мәслихаттың ІІ шақырылымының депутаты болып сайландым. Саясаттағы қадам осылай басталды.

– Қалалық мәслихат тарихында 1999 жылдан бастап 5 шақырылымда депутат болыпсыз? Халық сенімінен шығу оңай емес...

– Әрине, оңай емес. Жалпы, халықпен етене байланысу, әлеуметтік мәселені көтере білу, оның оң шешім табуына жұмыс жасау үлкен жауапкершілікті, табандылықты қажет етеді. Бұл – біздің негізігі міндетіміз. Қатарынан 5 шақырылымда депутаттыққа сайландым. Сенім болмаса бұлай болмас па еді. 2006 жылы қазан айында саяси аренадағы өзгерістерден кейін «Nur Otan» халықтық партиясының Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келдім. Осы жылдан бастап маған тек депутаттық міндет емес, оған қоса халықтық партияның да міндеттерін алып жүру жүктелді. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп жатқан сындарлы саясатын, партия мен мәслихаттың сайлауалды бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз етуге барынша атсалысып келемін. Ұжымдық кездесуде де, партияның жеке қабылдауларында да тұрғындардың ұсыныс пікірлері, өтініштері мен сұраныстары басты назарға алынады. Тиісті заңгерлік кеңес бере отырып, сұраныстарының оң шешімінің табылуына жұмыс жасаудамыз. Әлеуметтің мәселесін 100 пайыз шешу мүмкін емес, дегенмен тыс қалмайды.

– Грек философы Пифагор: «Ұлы істер жасауға бел бусаң, уәде беруден сақтан» деген екен. Сіз уәдеге қандайсыз?

– Күнделікті жұмысым тұрғындардан келген арыз-шағым, ұсыныс-пікірлерді қараудан басталады. Қолдан келсе мәселенің тезірек оң шешім табуына ықпал етеміз. Ал, зерттеп, зерделенуі, тиіс дүниелер талқыға түседі, ақылға салынады. Уәде – Құдай аты демекші, халыққа уәде етсем, абыройсыздыққа қалмас үшін шешімін табуға жұмыс жасаймын.

– Депутаттық платформаңыз қаншалықты орындалды?

– Әр шақырылымдағы сайлауалды бағдарлама сол кезеңдегі жағдайға байланысты жасалды. Әсіресе 2007-2011 жылдардағы экономикалық қаржылық дағдарыстар оның орындалуына кері әсерін тигізді. Алайда кедергілерге қарамастан бағдарламаның орындалуын назарда ұстадым. Мен мәслихат сессиясы отырыстарында тек өзім сайланған округтің мәселесімен ғана емес, қаламыздағы туындаған мәселелерді көтеруге де тырысамын. Себебі, бүгінгі қызметім – қалалық мәслихаттағы депуттаттық фракция жетекшісі болғандықтан мүдде ортақ.

– Партия жұмысынан тыс, қайырымды істерге атсалысасыз ба? Атап айтсаңыз?

– Айналаңдағы мұң-мұқтажға көмек беру әр азаматтың парызы ғой. Қолдан келсе неге қайырымды іс қылмасқа? Мұндай шараны қалалық партия филиалы тарапынан әрдайым ұйымдастырып отырамыз. Бұл ретте біздің халық қалаулылары да, қаламыздың өркендеуіне үлесін қосып жатқан кәсіпкерлер де белсенді. Халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы азаматтар басты назарда. Сондықтан мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын таба береді.

– Өзіңіз сайланған округке қандай шарапатыңыз тиді?

– Сайлаушылардан түскен өтініштер біз үшін маңызды. Алғашқы депутаттық кезеңдерімде көбінесе жеке басына қатысты мәселе көбірек қозғалатын. Оны да мүмкіндігінше шешуге атсалыстым. Ал бүгінгі таңда олар тұрғын үй, жер, жол, ауыз су, балалар ойын алаңы, демалыс орындары сынды тағы да басқа қоғамдық жағдайды жиі қозғайды. Бұл – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Сондықтан мүмкіндігінше тезірек шешімін табуға жұмыс жасаймыз.

– Халыққа есеп бересіз. Өзіңізге ше?

– Біз, жалпы жарты жыл сайын сайланған округтің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмысқа есеп беретініміз белгілі. Одан бөлек, ай сайын кестеге сәйкес жеке қабылдау өткіземіз. Ал, өзімізге келсек, әрине.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Айдана СЕЙІЛ

«Ақмешіт апталығы» газеті

№41 (1642) 2 маусым 2020 жыл

Құрамында Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары бар «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы жанынан құрылған жұмысшы топ мүшелері қала бойынша «2020 - 2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы" инфрақұрылымдық жобасы аясында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

Топ жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Ш.Әбдірахманов пен депутаттар Б.Ысқақов, И.Ли бастаған жұмыс тобы Ғ. Мұратбаев №4Б және Бұқарбай батыр көшесі №113Г мекен-жайларында орналасқан спортзал мен стритбол алаңдарының құрылысымен, Тасбөгет кентіндегі Әбенов, Сырдария көшелеріне жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарымен танысты.

Аралау барысында топ мүшелері құрылыс сапасына мән берілуі қажеттігін, сондай-ақ тиісті жұмыстардың мерзімінде аяқталуы тұрақты бақылауға алынатындығын жеткізді.

Үстіміздегі жылдың 24 маусымы күні ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті 62-ші сессиясы өтті.

Сессия отырысына қала әкімі Н.Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты облыстық басқармалар  және бірқатар қалалық мекеме басшылары, қаладағы емдеу мекемелерінің басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияның күн тәртібіне  9 мәселе енгізіліп, талқыланды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер - «Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарға медициналық  қызмет көрсету мәселелері туралы» мәселесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусәметовтің және «Қызылорда қаласында қоршаған ортаны қорғау  және экологиялық ахуалын жақсарту мәселелері туралы» қала әкімінің орынбасары Е.Бердібаевтың баяндамалары тыңдалып, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ал, күн тәртібіндегі жоспарлы үшінші мәселе – «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері туралы» мәселесі бойынша қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы К.Құрақбаева хабарлама жасады.

Негізгі мәселелерді сессия қарауына әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған басқосулар мен депутаттық аралау жұмыстарының қорытындысы бойынша құзырлы органдарға бірқатар нақты ұсыныстар берілді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қызылордада қоғамдық көліктің жол ақысын төлеудің электронды жүйесін енгізу жобасына сәйкес, «Қызылорда  қаласы аумағында жолаушыларды қалалық қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауда жол ақысына белгіленген тарифке келісім беру туралы» мәселесі бойынша қала әкімдігі тарапынан ұсынылған егер электронды төлем жасалмаған жағдайда қолма-қол төлеуге жататын 150 теңге жол жүру ақысын мәслихат депутаттары тарапынан 120 теңгеге төмендетіп белгілеу келісілді. Ал, электрондық жол жүру картасы арқылы төлем тарифі 90 теңге көлемінде сақталды.

Сонымен қатар, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормаларын, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау туралы», «Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі Қызылорда қаласының әкімдігі жанындағы комиссиясының құрамын бекіту туралы», «Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешімдер депутаттық корпус тарапынан қолдау тауып, Қызылорда қаласы Ақсуат, Қызылжарма, Ақжарма, Талсуат, Қызылөзек, Қосшыңырау, Қарауылтөбе ауылдық округтері мен Тасбөгет, Белкөл кенттері бойынша 2020-2021 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлары бекітілді.

Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қызылордада қоғамдық көліктің жол ақысын төлеудің электронды жүйесі енгізілмек.

Бұл туралы бүгін қалалық мәслихат ғимаратында өткен депутаттық тыңдау барысында талқыланып, қалаішілік қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын электронды төлем жүйесіне енгізу бойынша сараланған (дифференцированный) жол жүру төлем жүйесі жөніндегі мәселе қаралды.

Басқосуға қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова бастаған бірқатар депутаттар, қала әкімінің орынбасарлары Е.Бердібаев пен А.Есжанов, тиісті сала басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары С.Құлмахан және қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам белсендісі Э.Теңізбаев, жобаны іске асырушы компания өкілдері қатысты.

Талқылау барысында қала әкімдігі тарапынан жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе электрондық жол жүру картасы арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 90 теңгеден, ал жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – 150 теңге ретінде ұсынылды.

Аталған жоба бұған дейін қалалық Қоғамдық кеңес отырысында қаралып, қолдау тапқан. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан ескерту жоқтығы туралы сараптамалық қорытынды берілген.

Жүйені енгізудің тиімділігі - жолаушы электронды жолақысы төлемін өзіне қолайлы 9 түрлі төлем тәсілімен пайдалана алады, әрі «SMSBUS жолаушы» мобильді қосымшасы арқылы өз қажеттілігіне қарай бағыттардың қозғалыс кестесін анықтап, аялдамаға келу уақытын нақты уақыт режимінде бақылай алады.

Сонымен бірге, қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін арттыру арқылы тасымалдаушылардың ашық қызметін көрсетуге және тұрғындардың қоғамдық көлік қызметіне жаңаша көзқарасын қалыптастыруына, әрі қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне септігін тигізеді.

Дегенмен, мәслихат депутаттары енгізілетін бұл жаңалықтың қарапайым халыққа кері әсер етпеуі маңызды екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, ұсынылып отырған қолма-қол төлеуге жататын 150 теңге жол ақысын 120-130 теңгеге дейін түсіру туралы ұсыныс берілді.

Тиісті сала мамандарына бұл мәселені халыққа кеңінен түсіндіруді, қоғамдық талқылау жұмыстары жүргізілуін, мәселені алдағы өтетін сессия отырысына жан-жақты талдап, дәйекті нұсқада ұсыну тапсырылды.

VІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының жоспарлы кезекті сессиясында «Қызылорда қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық ахуалын жақсарту» мәселесін қарау межеленуде.

 Аталған мәселеге байланысты қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова бастаған бірқатар депутаттар, облыстық экология департаментінің басшысы М.Құрманбаевпен, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Е.Бердібаевпен, салаға қатысты облыстық және қалалық деңгейдегі мекемелердің жауапты тұлғаларымен және эколог мамандармен бірлесіп, жаңадан салынған тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенінің, Белкөл кенті аумағындағы «Арал» дирекциясы филиалына қарасты кәріз суды қабылдайтын сүзгі алаңының, Титов мөлтек ауданында орналасқан биологиялық тазарту станциясының  жұмысымен танысты.

Аралау барысында жаңадан салынған тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенін жеделдетіп іске қосу және санитарлық тазалық жұмыстарына жұмсалатын қаржы көлемін ұлғайту, Белкөл кентіндегі кәріз су қабылдап, сүзгіден өткізетін кәріз су насостық станцияларының сыйымдылығы мен қуаттылығын арттыру, биологиялық тазарту станциясына жеткізілетін кәріз суларды тазалау арқылы егіндікке және көркейту-көгалдандыру жұмыстарына пайдалану, жеке секторлардағы лас суларды тартатын арнайы техникаларға жағдай жасау мақсатында биологиялық тазарту станциясына баратын жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері ұсынылды.

 Барлық ұсыныстар қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылатын болады.

Қызылорда қалалық мәслихатының маусым айындағы кезекті сессиясының күн тәртібінде «Қызылорда қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық  ахуалын жақсарту» мәселесі қаралатын болады.

 Осыған орай, қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова қала әкімінің орынбасары Е.Бердібаевты қабылдады.

 Кездесу барысында экологиялық ахуалды жақсарту мәселелері, қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенінің қазіргі жағдайы, су сүзгі станцияларының қызметі, кәріз су қалдықтарын рұқсат етілмеген орындарға төгіп кету жағдайларының жиі орын алуы мәселелері талқыланды.

Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Р.Боханова облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Әбдусәметовті қабылдап,  маусым айында өтетін кезекті сессиясының күн тәртібіндегі «Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселелері» пысықталды.

 Кездесу барысында қала бойынша коронавирус инфекциясының таралуы мен қазіргі эпидемиялық ахуал, карантин талаптарының сақталуы, ана мен баланың денсаулығын қорғау, оның ішінде сәби өлімінің себептері, дәрігер мамандардың тапшылығы, жас мамандарды тұрғын үймен қамту, жедел-жердем қызметінің сапасын арттыру  және тағы да басқа өзекті мәселелер талқыланды.

Үстіміздегі жылдың 27 мамыры күні қалалық мәслихатының депутататтық корпусы елімізде орын коронавирус індетінің таралуына байланысты жарияланған Төтенше жағдайдан кейін қайта іске қосылған бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысып, санитарлық және карантиндік талаптардың орындалуы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын.

Аталған шара барысында көтерілген мәселелердің орындалуы, инфекция таралуының қазіргі ахуалы, алдын-алу және болдырмау жолдарын талқылау мақсатында қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Г.Сыздықованы қабылдады.

Онда қоғамдық тамақтану орындары, дәріханалар, ашық бассейндер мен демалыс орындарындағы  санитарлық тазалықтың сақталуы мен карантиндік шектеу шараларының жүзеге асырылу нақтыланды.

VІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының жоспарлы кезекті сессиясында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру» мәселесін қарау межеленуде.

Осы ретте, аталған мәселені алдын-ала зерделеу мақсатында мәслихат депутаттары бірнеше нысандарды аралап, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық ортаға бейімделуі барысымен танысты.

Депутаттық корпус «Pro-bono» қоғамдық қорының (мүгедектерге арналған аула клубы) және «Саңыраулар оқу өндірістік кәсіпорны» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Депутаттар кездесулер барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті бетпе-бет кездесіп отырған өзекті мәселелерін тыңдап, олардың сауалдарына жауаптар берді.

Аралау барысында қала бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бірқатар әлеуметтік нысандар, қоғамдық орындар, дәріханалар мен емханаларға кіріп-шығуға тиісті жағдайлар жасалмағаны,  жаяу жүргіншілер жолының болмауы немесе жол жиектерінің биік болуы себебінен қол арбалармен жүріп-тұруына қолайсыздық тудырып отырғаны айтылды.

Сонымен бірге, қаланың шет аймақтарына үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің қатынауын қамтамасыз ету, базар аумағынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өнімдерін сататын әлеуметтік орындар ашу мәселесі де ұсынылды.

Өз ретінде депутаттар, қалада атқарылып отырған ауқымды шаралар туралы баяндап, кездесуде көтерілген мәселелерге қатысты жұмысшы тобын құрып, бірлескен шаралар атқарылатындығын жеткізді.

Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұсыныстары жинақталып, қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылатын болады.

Экология мәселелері депутаттар назарында

 

VІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының маусым айындағы кезекті сессиясының күн тәртібіне негізгі мәселелердің бірі ретінде «Қызылорда қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық ахуалын жақсарту» мәселесі енгізіліп, қарау жоспарлануда.

Осы ретте, қалалық мәслихат депутаттары, сала мамандары, экология, табиғатты қорғау саласы бойынша ұсыныс-пікірлерін білдіріп жүрген қоғам белсенділері  алдын-ала зерделеп, талқылау мақсатында бас қосты. Іс-шараға қалалық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы, қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Ш.Әбдірахманов төрағалық етті.

Кездесуге Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы М.Құрманбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Б.Оспанов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Е.Рахматуллаев, эколог-жазушы С.Жұбатыров, танымал журналист, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі А.Шалғынбаева, қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Б.Нұрхожаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Б.Абжалелов, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласы бойынша кәсіпкер  И.Мұсабаев, коммуналдық шаруашылық саласының ардагері К.Бектұрғанов қатысты.

Талқылау барысында негізінен қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі, сонымен бірге қаланың кейбір аймақтарында пайда болған жағымсыз иістерден арылту, қоқыстарды өртеу, тастау, көше комитеттерінің жұмысын жандандыру, аяқ сумен қамтамасыз ету, көгалдандыру, кәріз су жүйелерінің, биологиялық тазарту станциясының қалыпты жұмыс жасауына қатысты ұсыныс-пікірлер көтерілді.

Кездесу барысында айтылған ұсыныстар жинақталып, қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы отырысына шығарылатын болады.

Қазіргі таңда, қалалық мәслихат депутаттары өздері сайланған округтердегі инженерлік-инфрақұрылым саласы бойынша жүргізіліп отырған құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды ұйымдастыруда.

Осы ретте,  қалалық мәслихат депутаттары Ш.Әбдірахманов, М.Әбдіқалықов, Ә.Нақып, И.Ли  бірнеше құрылыс нысандарын аралады.

Атап айтқанда, Жанқожа батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы, М.Шоқай көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары, Саулет №14 көшесі орташа жөндеу жұмысы, Б.Момышұлы көшесі №76, №78 «Б» тұрғын үйлерінің ауласындағы спорт–ойын алаңының құрылысы жұмыстарымен танысты.

Аралау барысында мәслихат депутаттары тұрғындармен пікірлесіп, мердігер мекемелерге жұмыстың сапасына қатысты ұсыныстарын білдірді.

Қала аумағында орналасқан карантин режиміндегі кәсіпкерлік нысандарда санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, бақылау мақсатында мобильдік топтар құрылып, құрамына бірқатар қалалық мәслихат депутаттары енгізілген болатын.

Осы орайда, қала әкімімен бекітілген кестеге сәйкес, депутаттар мобильді топтармен бірге белгіленген нысандар бойынша аралау жұмыстарын жүргізуде.

Депутат қайырымдылық көмек көрсетті

 

Қызылорда қалалық мәслихатының №16 «Сәулет» сайлау округінен сайланған депутаты Ж.Жарасбаев «Баламекендік» жанұяларға қуаныш сыйлады.

Қаламыздағы Бәйтерек мөлтек ауданынан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арнап салынған «Баламекен» тұрғын ауданындағы отбасылардың өтініштеріне сәйкес, 11 пәтерге жаңа су құбырларын тартып, жуыну бөлмелерін толықтай жабдықтап беруде. Қайырымдылық шараға депутат өз қаржысы есебінен 1,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлген.

ТАҒАЙЫНДАУ

 

Қызылорда қалалық мәслихаты хатшысы міндетін атқарушысының 2020 жылғы 5 маусымдағы №6 өкімімен Рахметов Ғалымжан Өмірзақұлы «Қызылорда қалалық мәслихатының аппараты» ММ-нің аппарат басшысы лауазымына тағайындалды.

Рахметов Ғалымжан Өмірзақұлы 1977 жылы 28 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы ауданы дүниеге келген.

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «экономист-менеджер»,   «Болашақ» университетін «заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.

 Еңбек жолын  1998 жылы Қазалы аудандық салық комитетінің салық аудиті бөлімнің жеке тұлғалармен жұмыс жасау секторының салық инспекторы болып бастаған.

2000-2006 жылдары Қазалы ауданы бойынша салық комитетінің түсімдерді есептеу және ақпараттандыру бөлімінің салық инспекторы, салық аудиті және өндіру бөлімінің салық инспекторы, жетекші маманы;

2006-2012 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының    жетекші маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, аппарат басшысы;

2012-2013 жылдары Қазалы аудандық соты кеңесінің жетекші маманы;

2013-2015 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының басшысы;

2015-2019 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы;

2019 жылдың маусымынан осы кезге дейін  Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған.

Құрылыс сапасы депутаттар назарында

 

Қалалық мәслихат депутаттары өз округтері бойынша 2020 жылы  салынып жатқан нысандар мен инженерлік-инфрақұрылым обьектілерінің құрылыс сапасын бақылауды ұйымдастыруда.

Осыған орай, қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракцияның жетекшісі Ш.Әбдірахманов және қалалық мәслихат депутаттары Б.Ысқақов, Қ.Орынбасарұлы бастаған депутаттық корпус қалада салынып жатқан бірқатар нысандарды аралады. Аралау барысында жол жөндеу жұмыстары арнайы маман және техникалардың көмегімен тексеріліп, сапасы бақыланды. Алынған нәтижелер бойынша қажетті шаралар атқарылатын болады.

Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар басқа да депутаттардың қатысуымен жалғасын табатын болады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік Рәміздер күнінде  кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы 180 отбасыға пәтер кілтін табыстады.

Сырдария өзенінің сол жағалауында салынған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын қалалық мәслихаттың құрылысшы депутаттары Б.Ысқақов, И.Ли басқаратын құрылыс мекемелері жүргізді.

Көп қабатты үйлер «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында бой көтерді.

Жаныңда жүр жақсы адам!

 

№5 «Ал-Фараби» округінің депутаты  Абдуқалықов Муса мырзаға алғыс білдіреміз. Әрдайым бізге көмек қолын аямайды. 1-маусым балаларды қорғау күніне арнап балаларымызға сыйлық жасап және отбасымызға азық-түлік таратып, балаларымызды үлкен қуанышқа бөледіңіз. Біздің балаларымыз өте ерекше балалар, яғни мүмкіндігі шектеулі. Балалардың ата-анасының атынан, Сізге зор денсаулық, жанұяыңызға бақыт, әрқашан жасаған еңбегіңіз бағалана берсін! Отбасыларыңыз аман болсын. Тілек білдіруші: Салтанат Таңжарыққызы, Лаура Калыховна, Мая Оспанова, Орынбасар Адамбаев, Әлия Ізбасханова және ата-аналар!

Бүгін қалалық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында кәмелет жасына толмаған балалар арасында құқықбұзушылықтың алдын-алу және қала аумағындағы аяқ су мәселелері қаралды. Комиссия отырысына комиссия төрағасы Қ.Ерназаров төрағалық етті.

 Күн тәртібінде мәселелерге байланысты Қызылорда қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Е.Құдайбергенов, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Е.Рахматуллаев хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берді.

 Депутаттар Қорқыт ата және Яссауи көшесінің  бірқатар бөлігіне аяқ су жеткізу мәселесін талқылады. Сонымен қатар, алдағы уақытта жаңадан салынған   мөлтек аудандарды дренажды ұңғымалар орнату арқылы аяқ су беру жұмыстарын қолға алуды ұсынды.

Үстіміздегі жылдың 27 мамыры күні  қалалық мәслихатының депутататтық корпусы елімізде індеттік ахуалға байланысты жарияланған Төтенше жағдайдан кейін қайта іске қосылған кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.

Аралау шарасы барысында бірқатар сауда үйлері мен базарлардағы, сән салондары мен шаштараздар, спорт кешендеріндегі кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, нысандардағы санитарлық талаптардың сақталуы назарға алынды.

Өз ретінде кәсіпкерлер жеміс-жидек, ет өнімдерін сататын сауда орындары, көтерме сауда нүктелерінің жұмыс жасау уақытына өзгеріс енгізу туралы (ашылу уақытын 10.00-ден 8.00-ге ауыстыру), базар аумағынан жүретін маршруттық автобустарға қозғалысына қатысты және басқа ұсыныстарын жеткізді.

Аралау шарасына қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Ш.Әбдірахманов, партияның қалалық мәслихат жанындағы депутаттық фракциясының мүшелері-қалалық мәслихат депутаттары және жауапты сала мамандары қатысты.

 Жоғарыда аталған мәселелер бойынша қалалық мәслихат тарапынан қажетті шаралар қабылданатын болады.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова және «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелерімен бірге қала көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралап, сын көтермейтін жұмыстарды анықтап, бірқатар сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді.

 Ең алдымен көпқабатты тұрғын үй ауласындағы салынып жатқан балалар ойын алаңынан бастап, одан әрі үйге қайта жаңғырту, көптен бері мәселе болып келе жатқан Сәдуақас және Байқоңыр көшелерін жалғастыратын жаңадан салынып жатқан көпір құрылысы, көше бойында салынып жатқан жаяу жүргінші жолының құрылысы, «Балапан» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстары және жасалынып жатқан жол сапасын тексерді.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 61-ші сессиясы өтті

 

Бүгін ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХХХI (алпыс бірінші) сессиясы болып өтті.

Күн тәртібіндегі «2020-2022 жылдарға арналған Ақсуат   ауылдық округінің бюджеті туралы» Қызылорда қалалық маслихатының 2019 жылғы 25 желтоқсандағы №286-54/4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселесі бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, тиісті шешімдер қабылданды.

Сессия шешіміне сәйкес, Ақсуат ауылдық округіндегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржылар бағытталып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 60-шы сессиясы өтті

 

Үстіміздегі жылдың 11 мамыры күні қалалық мәслихаттың мәжіліс залында ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХХХ (алпысыншы) сессиясы болып өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші «2020-2022 жылдарға арналған қалаға қарасты кент және ауылдық округ бюджеттері туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 25 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, тиісті шешімдер қабылданды.

Екінші «Қызылорда қаласындағы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын сайлау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының                       2019 жылғы 11 қаңтардағы №210-35/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ғ.Баймырзаев өз өтінішіне негізінде комиссия құрамынан шығарылды.

Сессия шешіміне сәйкес кент және ауылдық округтер бойынша балабақшаларды интеллектуалды оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету, көше жарығы, абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу, спорт алаңын салу, көшелерге орташа және күрделі жұмыстарын жүргізу жұмыстары депутаттар тарапынан қолдау тапты.

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

 

Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасіретті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.

Бүгінгі күні қала бойынша отты жылдарда ерліктің үлгісін көрсеткен              8 майдангер ғана қалған. Бүгінде сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын, оның маңызын кейінгі ұрпақ ерекше ұғынып, қастерлеуде.

Жеңіс жалауын желбірету жолында  өжеттік  пен жанқиярлық үлгісін көрсеткен майдан мен тыл ардагерлерінің барлығы да айрықша құрмет пен қошеметке лайық.

Осы ретте, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесі қарсаңында Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Р.Боханова бастаған  депутаттар корпусы қаламыздағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Қариялар да көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.

Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

 

Сіздерді ерліктің символындай болған Ұлы Жеңіс күнімен Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары атынан шын жүректен құттықтаймын! 9 мамыр мерекесі – жұртшылық жадында батырлық дастанындай, халқымыздың мұқалмас қажыры мен мызғымас бірлігінің  нышаны іспеттес айшықты күн.

Ерлік пен қаһармандықтың алтын тұғырына баланған Ұлы Жеңістің 75 жылдығы бүгінгі ұрпақ  жадында рухы – биік, даңқы – асқақ соғыс және тыл ардагерлерінің жасампаз бейнесін, асқақ абыройын паш етіп тұр.  Жылнамамызға ауыр жылдардың шежірелі  парағы болып енген қанқұйлы соғыс   әр шаңыраққа  қайғы-қасірет, орны толмас өкініш әкелгені тарихи шындық.

Бүгінде сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын, оның маңызын кейінгі ұрпақ ерекше ұғынып, қастерлеуде. Жеңіс жалауын желбірету жолында  өжеттік  пен жанқиярлық үлгісін көрсеткен майдан мен тыл ардагерлерінің барлығы да аса айрықша құрмет пен қошеметке лайық.

Қымбатты, Аға ұрпақ!

Сіздер ерен ерлікпен алып берген Жеңіс  мерекесі бізді жоғары жетістіктерге жігерлендіріп, жанымызға қуат беріп, қиындықты жеңіп, алға ұмтылуға бағдаршам болады. Бүгінгі тәуелсіз ел тұғырының болаттай беріктігі, еңсе тіктеп, болашаққа байыпты бағдар алуы, ортақ отанымыздың гүлденуі – осынау жанқиярлық ерліктеріңіздің  өркенді жемісі.

Қымбатты, соғыс және тыл ардагерлері!

Бүгінгі аға буын өкілдері, жас ұрпақ Сіздердің бойыңыздағы қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, егемен елдің көк туын биікке желбіретіп, Сіздер салған дара да, даңғыл жолды Мәңгілік елдің ұлтжанды ұрпағы ретінде жалғастыратын болады. Осынау ерлікке толы өміршең Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Баршаңыздың дендеріңізге – саулық, шаңырақтарыңызға – шаттық, бақ пен береке тілеймін!  Сыр елінің ақылшы, абыз, данагөй  қарты  бейнесінде  ғибратты ғұмыр иесі болыңыздар! Сіздердің ерліктеріңізге – Мың тағзым! Елімізде бейбітшілік пен бірлік салтанат құрсын!

 

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қалалық мәслихат хатшысы

Р.БОХАНОВА

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 59-шы сессиясы өтті

 

Үстіміздегі жылдың 4 мамыры күні қалалық мәслихаттың мәжіліс залында ҮІ шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХХІХ (елу тоғызыншы) сессиясы болып өтті.

Сессияның күн тәртібіне 5 мәселе енгізіліп, талқыланды.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша 2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №278-53/2 шешіміне тиісті өзгерістер  енгізілді.

Күн тәртібіндегі екінші «2019 жылға арналған қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту туралы”  мәселесі бойынша қалалық қаржы бөлімінің басшысы С.Айменовтің хабарламасы тыңдалды. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі М.Сатлабаев және қалаға қарасты кент, ауылдық округтер әкімдері қосымша хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне әлеуметтік біржолғы төлем тағайындау көзделген «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2020 жылғы  26  наурыздағы  №315-58/4 шешіміне

толықтырулар енгізу туралы» мәселесі депутаттық корпус тарапынан қолдау тапты.

Сонымен қатар, «Қызылорда қаласындағы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын сайлау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының                     2019 жылғы 11 қаңтардағы №210-35/1 шешіміне толықтырулар енгізіліп, «Қызылорда қаласы аумағында тіркелген салықтың бірыңғай мөлшерлемелерін белгілеу туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының              2019 жылғы 19 маусымдағы №240-43/5 шешімінің күші жойылды.

«Бірлігі жарасқан елдің тірлігі озады»

 

Бүгінгі күні ел басына туған қиындықты біз тек береке-бірліктің арқасында еңсерудеміз. Оның дәлелі «Біз біргеміз» жалпы республикалық акциясының кең көлемде таралып, оған ел азаматтарының бірауыздан үн қосуы.

Қысылтаяң сәтте қиналғанға қол ұшын созу қазақтың қанына сіңген қасиет.

Сындарлы сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жүрген ел азаматтарына халықтың алғысы зор.

Барлығымызға белгілі, Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры пандемияның салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында көмекке мұқтаж халықтың әлсіз топтарына демеу болды.

Қайырымдылық акциясы – кез келген адам¬ның жақ¬сы іс жасай алатынын дәлелдеді. Елде жарияланған төтенше жағдайға қарамастан игі істердің басында жүріп, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлеріміз, оның ішінде кәсіпкер депутаттарымыз мақтауға тұрарлықтай.

Ал, қоғам белсенділері мен жастарымыз өз бастарына төнген қатерге қарамастан оларға барынша көмек қолын созуда.

Биліктің үндеуіне құлақ аспай, қауіпсіздік шараларына жеңіл-желпі қараған бірқатар елдермен салыстырғанда, Қазақстан вирустың жаппай таралуына жол бермей, дер кезінде шектеу шараларын қабылдады.

Осы ретте, жерлестерімізді ұлт саулығы үшін барлық мүмкін шараларды қолға алып, жан-жақты қамқорлық көрсетіп отырған мемлекетке, жергілікті билікке сенім артып, сабырлық сақтауға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырғым келеді. Біз біргеміз!

 

Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Р.Боханова.

Әйел – сұлу көктемнің падишасы

 

Нәзік иірімге толы әйел затының табиғаты керемет қой. Әр арудың талғам-таразысы әртүрлі. Көктем падишасындай жайдары таңмен нұрланатын әйел болмысының құпиясы сан қилы үйлесіммен ерекшеленеді. Нәзікжандылардың бірі таңғы нұрдың шапағын ұнатса, енді бірі бау-бақшада сайраған бұлбұлдай сиқырлы сазды әуенді сүйеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Роза Боханова  әйел нәзіктігін нағыз асыл қасиетке балайды. Өзінің сырға толы кестелі ойын бізбен сұхбат барысында әйел затына тән биязылықпен керемет жеткізді.

 

   – Роза Аяғанқызы, нәзікжанды болсаңыз да, сізді ер-азаматтар секілді қайнаған тіршіліктің бел ортасынан көреміз. Уақыттың ерте-кешіне, жауапты қызметтің мойынға артар жүктемесіне қарамай лауазымды қызметте ұзақ жыл еңбек етіп келесіз. Болмысы бөлек әйел заты үшін ерлермен үзеңгі қағыстырып, билік тізгінін ұстау оңай емес. Десе де, жан дүниесі мейірімге толы әйел нәзіктігін мойындайсыз ба?

–  Әрине, мойындаймын. Мен қанша лауазымды қызметте жүрсем де,  өзімнің әйел-ана деген аяулы қасиетімді алғашқы орынға қоямын.  Ер азаматымды құрметтеп, отбасын ана әлдиімен тербеп, ошақ қасы мен жылы ұяма көңіл бөлуді басты қағидам санаймын.  Ана – үйдің алтын қазынасы. Ол таразыны тең ұстау керек. Қызмет бабымен жүріп, үй шаруасына да үлгеріп, бәріне «бесаспап» болу әйелдің міндеті. Өйткені, ортақ келісіммен құрған отбасы – әйелдің Алла алдындағы аманаты. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Менің ойымша әйел, қай кезде де әйел. Оның тал бойындағы әдемілік, сыпайылық, биязылық – табиғат ананың берген ең ғажап тартуы. Небір патшалар, қылышынан қан тамған қаһарлы хандар әйел нәзіктігі мен тапқырлығының алдында бас иген. Демек, әйел сұлулығы қызмет, мансаппен емес, оның бойындағы нәзіктік, қарапайымдылықпен өлшенеді.

– Үй шаруасымен айналысуға уақыт табыла ма?

   – Әрине, табылады. Мен үйдегі ас мәзірінің бәрін өз қолыммен дайындағанды қалаймын. Асыққан кезде болмаса, базардан сатып алынған өнімге көңілім толмайды. Қонақ шақырғанда салат, бауырсақ, түрлі тәттілерді үй жағдайында өз қолыммен пісіргенді ұнатамын. Қашан да әйел өзі қалаған дүниесін жасау үшін уақыт табуға тырысуы керек. Жүрек қалауымен жасалған дәм әрқашан ағзаға сіңімді, адамға сүйкімді болады. Мен мұны үйдегі келініме де үйретіп отырмын.  Өнегеммен сусындап, ас мәзірін дәмді етіп әзірлейді.  Дастархан басындағы ас үйге татулық пен береке кіргізеді. Келінді болғаныма көп уақыт болған жоқ. Одан бұрын үйдің бүкіл ұсақ-түйек жұмысын жауапты қызметте жүріп атқардым. Ерте тұрсаң, бәріне үлгересің. Бәріне үлгеру үшін түскі асты азанда пісіріп кетемін. Өзге уақ-түйек тірлікті жылдам-жылдам жасауға үйрендім. Мен ауылда 5-сыныптан тамақ жасағанмын. Үй тірлігіне ерте араластым. 10 сыныпта анамнан айырылдым. Бүкіл ауыртпалық әкемнің басына түсті. Сол кісінің қабағына кірбің түсірмеуге, атына кір келтірмеуге тырысып бақтық. Бесіктен белің қатайғаннан берілген тәрбие адамның бүкіл өміріне бағдаршам болады екен. Анамның тәрбиесімен, ер азаматтың киімін аяқасты етпеуге, жағасын кірлетпеуге тырысамын. Бұл менің сонау алтын бесік ауылымнан алған ұлағатты үрдісім.

    –Әке тәрбиесі тағылымыңызды тереңдетіп, жетістікке жетелеген секілді. Ана орнына ана болып, жылуын аямаған аяулы жанның тәрбиесімен жетіліпсіздер.  Асылдың сынығы екеніңізді де мойындаған жөн болар?

  – Иә, оныңыз рас. Ағайынды бесеуміз ана әлдиін естігенмен, оның жылы алақаны мен мейірім-шуағынан ерте айырылдық. Әкем Аяған Боханов ол кезде Қармақшы ауданы, Энгельс атындағы колхозды басқарды. Жауапты қызметпен қоса, шиеттей баланы жетілдіру, оны оқыту, құтты орнына қондыру  әкемізге оңайға соқпады.  Бірақ оған сүйеніш, қолғанат болуды ойлап біз ерте есейдік. Ол кісі бізді 30 жылдай анамыздың жоқтығын білдіртпей бағып-қақты.  Ұлағаты мол үрдісті, қазақы салт-дәстүрді бойымызға сіңірді.  Мен Қармақшыда орыс мектебінде оқыдым. Алайда, тәлімім қазақы болды. Әкем әдеби кітапты, газет-журналды дауыстап оқытатын. Сөздік қорымның мол болғанын қалайтын. Сол кездері жазған мақал-мәтел, өнегелі сөздер толы бірнеше қойын дәптерім әлі сақтаулы. Ол әкемнің көзіндей мен үшін қымбат дүние қатарында.

 – Жылдың қай мезгілін сүйесіз?

– Күз мезгілін ұнатамын. Бүкіл берекенің бәрі осы айда. Сары алтындай сары күз егістік алқабындағы Сыр салысын, сары бидайдан дайындалған тәтті бауырсақты, берекелі қазақы дастарханды көз алдыңа елестетеді. Әсіресе, жаңбырлы күндер жаныма бір тыныштық сыйлайды. Сондай сәтте көптен ойлаған мақсатым шешімін табады.  Өзіме-өзім есеп беретін ғажап кезең күрең күзге дөп келетінін де керемет сәйкестік деп есептеймін. Күзгі бақта тұмса табиғатпен сырласқанды жаным қалайды.

   – Сіздің есіміңіздің өзі табиғаттың қайталанбас тартуы гүлге қатысты қойылған секілді. Нәзікжандылардың көпшілігі көктемнің ғажап болмысын алқызыл гүлдер патшалығымен байланыстырады. Сіз қандай гүлді ұнатасыз?

– Мен жаныма ерекше жұпар шашатын дала гүлдерін, әсіресе қызғалдақ, сиреньді ұнатамын. Осы гүлдерді иіскегенде жан дүнием тазарып, жаңарып, құлпырып сала береді.  Алуан түрлі түспен сан бояуға малынып тұратын дала гүлдері жан сарайымды шаттыққа бөлейді. Өзім шынайылықты  ұнатамын. Ал гүлдер– шынайылық символы!

 – 8-наурызда аналарға қандай сый-сыяпат берген дұрыс деп санайсыз?

– Мен үшін сый-сияпаттың ең үлкені – ыстық ықылас, жылы құшақ, бір құшақ әдемі гүл.

  – Сол гүлді сізге сыйлайтын отағасыңыз және отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз?

 –  Отбасын құрғанымызға 40 жылдай уақыт болды. Азаматым Сәдуақас Әдепов – өнер адамы. Өлеңге ән жазатын қасиеті бар. Өлең-сөзді жанына серік еткен жанның жан дүниесі таза болады ғой. Жолдасым екеуміз саф өнердің жанашырымыз, терме тыңдағанды ұнатамыз. Ол кісі Қармақшыда тұрғанда сол жердің мәдениет үйінің директоры болды. Қазір Қорқыт ата университетінде мәдени шараларды өткізуге жетекшілік жасайды. Кезінде Шымкент қаласындағы «Достық» оркестрінің құрамында  ән шырқаған. «Есігімді ашып еніп кіргелі, Сен болып бақыт келіп тұр ма едің? Қарақат көзің сөзіңмен әсем, Еріттің мені, еліттің мені... деген әуен есіңізде ме?Сол кезде қыз бен жігіт орындап еді ғой. Сол жігіт менің – жан-жарым. Мен ұзатылатын кезде теледидардан сол ән шырқалмасы бар ма? Қайын жұртым «мінекей, ән шырқап тұрған сіздердің күйеу балаларыңыз» деп таныстырған.  Әдейі ұйымдастырылған көрсетілім сияқты ағайын-туысқа керемет әсер қалдырғаны есімде. Мен қазір қандай жетістікке жетсем, соның бәрі отбасымның қолдауы, жарасымды ұямның жылуы.  Аллаға шүкір, 2 қыз бір ұлымыз бар. Үлкеніміз Әйгерім Швеция компаниясында департамент басшысы, одан кейінгі қызымыз Альмира Алматыда дәрігер. Шаңырақтың иесі ұлымыз Бақытжан – құрылысшы, келініміз Әсел – дәрігер.  Немерелерім – өмірімнің шуағы, көңілімнің көктемі. Оларды  бауырыма басқанда  жан әлемім жарқырап, нұрға бөленемін. Әйел бақыты отбасындағы тату-тәтті тірлік, ынтымақ пен бірлік деп ойлаймын.

 – Сіздің Сыр бойындағы әз әжелерге, ақ жаулықты аналарға, көрікті аруларға 8-наурыз мерекесіне орай айтар тілегіңіз?

 – 8-наурыз – Әзиз әжелер, ақ босағаның бақыт нұрын шалқытқан көрікті әйелдер мен ай нұрлы арулардың ең ғажап мерекесі. Оларға күміс көктемде сылдыраған бұлақ күлкісіндей әдемілік, отбасында бақ-береке, ең бастысы әйел бақытын тілеймін.

– Ашық жарқын әңгімеңізге рахмет!

Сіздің отбасыңызға да төл той толағай табыс, ризық-несібе алып келсін!

 

Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

«Ақмешіт апталығы» газеті

№18(1619) 7 наурыз 2020 жыл

VІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының наурыз айындағы кезекті сессиясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының /халыққа қызмет көрсету орталықтары/ тұрғындарға  сапалы қызмет көрсету бойынша атқарған жұмыстары және алға қойған міндеттері  туралы» мәселесін қарау жоспарлануда.

Осы ретте, бүгін аталған мәселені алдын-ала зерделеу мақсатында мәслихат депутаттары Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі,  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының  №1 қалалық бөлімі және Көші-қон қызметтері бөлімдерінің жұмысымен танысты.

Депутаттық аралау барысында бөлімдердегі қызмет көрсету барысы кеңінен таныстырылып, шет мемлекеттерден келіп жатқан көліктерді тіркеудің жолдары, еңбек мигранттарын қабылдау және рұқсатын ұзарту жұмыстарының жүзеге асырылуы, №1 қалалық бөлімде мүгедек азаматтардың еркін жүріп-тұру мүмкіндігін одан әрі арттыру, цифрлы қызмет алудың артықшылықтарын кеңінен насихаттау туралы мәселелер айтылды.

Депутаттар корпусы халыққа қызмет көрсету орталықтарында  мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша кедергісіз жұмыс жасауы, қызмет сапасын арттыруы бағытында нақты іс-шаралар атқарылып жатқандығына көз жеткізді. Сондай-ақ, аралау барысында айтылған ұсыныс-пікірлер жинақталып, қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы отырысына шығарылатын болады.

 

Бүгін Қызылорда қаласының Шұғыла мөлтек ауданынан КБИ мөлтек ауданына теміржол арқылы өтетін өткелдің қауіпсіздігі мен жол қозғалысын зерделеу мақсатында құрылған уақытша комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Алдымен қалалық мәслихат ғимаратында өткен басқосуда комиссия мүшелері аталған аумаққа жерасты немесе жерүсті өткелін салу мәселесін жан-жақты талдап, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, комиссия мүшелері сала мамандарымен бірге жоғарыда аталған аумаққа барып, жерасты  жаяу жүргіншілер  өткелін салудың техникалық мүмкіндіктерін талқылады.

Нәтижесінде, жерасты өткелін салу үшін рұқсат алу мәселесі бойынша тиісті ұсыныстарды құзырлы органдарға жолдау туралы келісімге келді.

 

 

«Қарауылтөбе» ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті.

 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, ағымдағы жылдың 28 ақпанында Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі лауазымына сайлау өтті.

Сайлау өткізу жөніндегі отырысқа қалалық мәслихат хатшысы төрағалық етіп, таңдаушылар – қалалық мәслихат депутаттары әкімдікке үміткерлер Б.Аманкелдиев пен С.Таймановқа дауыс берді.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ергешбаев дауыс санау нәтижесінде таңдаушылардың басым дауысына ие болған үміткерді жариялады.

Сайлау барысында дауыс беру және сайлау қорытындыларын анықтау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген сайлау рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылды.

Үстіміздегі жылдың  наурыз айындағы  қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралатын «Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарға медициналық  қызмет көрсету» мәселесіне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында  қалалық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметов пен Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері А.Құрманғали хабарлама жасады.  Депутаттар өз кезегінде тұрғындар үшін өзекті болып келе жатқан жедел жәрдем қызметінің кешігуі, №5 емхана және теміржол емханаларында көз дәрігерінің жоқтығы, аймақтар бойынша жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жеткіліксіздігі мен тұрақсыздығы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың медициналық көмекті алу кезінде қиындықтар тудыруы, саяжай тұрғындарының қалада орналасқан емханаларға қатынау қиындығы және әлеуметтік желі арқылы келіп түскен мәселелерді көтеріп, сұрақтар қойды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметов қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстар мен пікірлер алдағы уақытта назарға алынатындығын жеткізді.

Наурыз айында өтетін кезекті сессияда сұрақтар мен ұсыныстар негізінде нақты шешімдер қабылданатын болады.

Үстіміздегі жылдың 25 ақпан күні VI шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 57-ші сессиясы өтіп, оған қалалық мәслихат хатшысы, сессия төрағасы Р.Боханова төрағалық етті.

Күн тәртібіндегі  «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізіліп, қала бойынша атаулы әлеуметтік  көмек алатын отбасылардан шыққан жалпы білім беретін оқу орындарының оқушыларына қоғамдық көлікте жүруге арналған көмек түрі бекітілді.

Екінші «Қызылорда қаласындағы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын сайлау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 11 қаңтардағы №210-35/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ергешбаев хабарлама жасады.

 Депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып тиісті шешімдер қабылданды.

Қалалық мәслихатта Қызылорда қаласына қарасты «Қарауылтөбе» ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткерлерді тыңдау өтті.

Қалалық  сайлау комиссиясының мәліметі бойынша  2 үміткер тіркелген.

Аталған мәжілісте лауазымға үміткерлер Тайманов Сейілбек Абзалұлы мен Аманкелдиев Бағлан Бақытжанұлы өз бағдарламаларын депутаттарға таныстырды.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес «Қарауылтөбе» ауылдық округі әкімінің сайлауы ағымдағы жылдың 28 ақпанына жоспарлануда.

Бүгін қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен қалада орналасқан бірқатар медициналық нысандардың қызмет сапасын зерделеу мақсатында депутаттық аралау шарасы өтті.

Алдымен депутаттар №3 емхананың тұрғындарға көрсететін медициналық қызмет түрлерімен танысып, емдеу бөлмелерін аралап көріп, емделуші тұрғындардың пікірлерін білді. Емхана бойынша  тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп жүрген жалпы тәжірибелік дәрігерлердің тұрақсыздығы, тіркеу қызметінің ұзақ уақыт алатындығы, аймақтық дәрігерге тексерілу кезегінің көптігі  туралы мәселелер көтеріліп, тиісті мамандар жауаптар берді.

Сонымен қатар, депутаттар облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының жұмысымен танысып, шақыртуларды қабылдайтын диспетчерлік орталықта болды.

Қазіргі таңда қала бойынша 37 медициналық жедел жәрдем тобы халыққа қызмет көрсетуде. Жедел жәрдем топтарына шет аймақтардағы тас жолдың қажеттігі, үйлердің дұрыс нөмірленбеуі, ауылдық округтер мен шет аймақтарда интернет жылдамдығының төмендігі қиындықтар тудырып отыр.

Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар ағымдағы жылдың 25 ақпан күні облыстық денсаулық сақтау басқармасында өтетін кеңейтілген мәжілісте талқыланатын болады.

Қалаға қарасты елді-мекен тұрғындарына медициналық қызмет көрсету мәселесіне орай қалалық мәслихат депутаттарының Ақсуат ауылынан басталған кездесулерінің соңғы жиыны Қызылөзек ауылдық округінде өтті.

Жиынға мәслихат депутаттары Л.Қожаниязова, Ж.Жарасбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Шүкірова мен жауапты мамандары, №5 емхананың бас дәрігері қатысты.

Ең алдымен депутаттар №39 орта мектептегі медициналық пункт жұмысымен танысып, өз ұсыныстарын білдірді.

Ауыл тұрғындары өз кезегінде жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысының салынғандығына ризашылықтарын білдіре отырып, тұрғылықты жалпы тәжірибелік дәрігермен қамтамасыз етуді сұрады.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда Қызылөзек елді мекенінде мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында салынған медициналық нысан алдағы уақытта халық игілігіне беріледі деп күтілуде.

Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар ағымдағы жылдың 25 ақпанында өтетін кеңейтілген мәжілісте талқыланатын болады.

Тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселесі бойынша елді мекендерді аралау жалғасуда. Белкөл кенті және Талсуат ауылдық округінде жалғасты.

Бүгінгі Белкөл кенті мен Талсуат ауылдық округінде өткен шараларға мәслихат депутаттары А.Сүйінтаев, Ә.Нақып, С.Бихожаева, Ә.Мампаев, И.Ли, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Шүкірова мен жауапты мамандары, №5 емхананың бас дәрігері, Қызылорда теміржол ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қатысты.

Алдымен депутаттар ауылдардағы дәрігерлік амбулаторияларды аралап, ем-шара бөлмелерінің жұмысымен танысты.

Кент және ауыл тұрғындары медициналық ақпараттық жүйенің қайта жүктелу уақытының 1-2 күнге созылуы, тар буынды маман дәрігерлердің бір ғимаратта отырмауы, аталған ауылдардағы дәрігерлік амбулаторияларда балаларға егу және массаж бөлмелерінің қажеттігі, соңғы екі жыл көлемінде күз және көктем мезгілдерінде жылжымалы рентген аппаратының елді мекендерге келмеуі сынды мәселелерді көтерді.

Сонымен бірге, ауылдықтар ауру түрлері бойынша тіркеуде тұратын балаларды қайта  оңалтуға және егде жастағы адамдардың тұрғылықты жері бойынша оңалту орталығында емделуіне қатысты кеңестер алды.

Елді мекен тұрғындары көтерген барлық мәселелер мен ұсыныстар ағымдағы жылғы 20 ақпанда облыстық денсаулық сақтау басқармасында өтетін кеңейтілген мәжілісте көтеріліп, талқыланатын болады.

Денсаулық сақтау саласына қатысты шаралар Ақжарма ауылдық округінде жалғасты.

Аталған жиынға осы аумақтан сайланған мәслихат депутаты Қ.Орынбасарұлы мен М.Кәрімбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Шүкірова, №4 емхананың бас дәрігері Б.Піржанова қатысты.

Алдымен депутаттар ауылдық округте орналасқан дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысып, ем-шара бөлмелерінің жағдайын көрді.

Ауыл тұрғындары өз кезегінде осы  уақытқа дейін екі мәселе өзекті болып келгендігін, оның бірі мәдениет үйінің салынуына ұйытқы болған осы аумақтан сайланған депутат Қайрат Орынбасарұлына алғыстарын білдірсе, алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізуге ниетті  қалалық мәслихат депутаты, “Интегрострой” ЖШС директоры Ысқақов Бақдәулет Құлбекұлына да ризашылықтарын білдірді.

Аталған сипаттағы кездесулер басқа да елді-мекендерде жалғасатын болады.

Бүгін  тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің жай-күйін зерделеу, ұсыныс-пікірлерін жинақтау мақсатында өтіп жатқан халықпен кездесу жиыны Қарауылтөбе ауылдық округінде жалғасты.

Аталған жиынға осы аумақтан сайланған мәслихат депутаты Ғ.Жақсылықов пен Н.Ахатов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ә.Қыдырәлиева, №6 емхананың бас дәрігері Ж.Қожарипова қатысты.

Алдымен депутаттар ауылдық округте орналасқан дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысып, ем-шара бөлмелерін аралап, ем алушы тұрғындармен пікірлесті. Одан соң халықпен кездесу  барысында ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның халыққа тарлық етуі, жалпы тәжірибелік дәрігердің тұрақты отыруы мәселелері көтеріліп, жауапты сала мамандары сұрақтар бойынша жауап берді.

Аталған сипаттағы кездесулер басқа да елді-мекендерде жалғасатын болады.

2020 жылғы 5 ақпанда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен жиында ҚР Сенаты жанынан ЖАСТАР КЕҢЕСІ құрылды. Осы жиында Қызылорда қалалық мәслихатының №16 «Сәулет» сайлау округінен сайланған  депутат Жарасбаев Жасұлан Бақытұлы  кеңес мүшесі болу құрметіне ие болды! Әріптесімізге сәттілік тілейміз!

Бүгін  тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің жай-күйін зерделеу, ұсыныс-пікірлерін жинақтау мақсатында өтіп жатқан халықпен кездесу жиындары қалаға қарасты Тасбөгет кенті және Қосшыңырау ауылдық округінде жалғасын тапты.

Аталған жиындарға қалалық мәслихат хатшысы Р.Боханова, мәслихат депутаттары Б.Ысқақов, Н.Ахатов, Қ.Орынбасарұлы, Л.Қожаниязова, Ғ.Жақсылықов, Т.Мақашов, Ә.Нақып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ж.Абдусаметов, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры М.Жарекешова қатысты.

Кездесу  барысында Тасбөгет кентінде халық санының өсуіне байланысты жаңа типтік емхана салу, тексеруге арналған  аппараттардың жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу мәселелері көтерілсе, Қосшыңырау ауылдық округінде тұрғындар көкейіндегі мүгедектіктің тағайындалуы, амбулаториядағы күндізгі ем алуға арналған орындар санын көбейту, ем алуға берілетін жолдаманың бірыңғай электрондық тіркеліміндегі кезектілік мәселелері талқыланды. Жауапты сала мамандары көтерілген сұрақтар бойынша жауап берді.

Аталған сипаттағы кездесулер басқа да елді-мекендерде жалғасатын болады.

Қалалық мәслихат депутаттары тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп жүрген Шұғыла мөлтек ауданынан КБИ мөлтек ауданына теміржол арқылы өтетін өткелдің қауіпсіздігі мен жол қозғалысы мәселесін зерделеу мақсатында мәслихат жанынан арнайы уақытша комиссия құрылып, алғашқы отырысы өткізілді.

Комиссия отырысына қалалық мәслихат депутаттары, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ филиалының «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» Қызылорда жол дистанциясының, Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жауапты мамандары мен бірқатар қалалық бөлімдердің басшылары қатысты.

Жиын барысында комиссия мүшелері мәселені шешу жолдарын қарастыру жөнінде ұсыныстарын беріп, сала мамандарына темір жол үстінен аспалы көпір салу немесе жерасты жаяу жүргінші жолын салуды бірлесіп жан-жақты зерделеуді талқылады.

Алдағы уақытта, уақытша комиссия жұмысының қорытынды нәтижелерін жеткізетін боламыз.

Үстіміздегі жылдың 11 ақпан күні VI шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 56-шы сессиясы өтіп, оған қалалық мәслихат хатшысы, сессия төрағасы Р.Боханова төрағалық етті.

Күн тәртібіндегі «2020-2022 жылдарға арналған кент және ауылдық округ бюджеттері туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 25 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселесі бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Нәтижесінде  депутаттардың ұсынысымен Белкөл кенті және Қызылжарма ауылдық округі бойынша безендіру жұмыстарына жоспарланған қаржылар қайта қаралып, қазіргі уақытта тұрғындардың жоғары сұранысына ие болып отырған инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.

Алдағы уақытта да, қалалық мәслихат депуттары бюджет қаражатының бірінші кезекте тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, шет аймақтардың инженерлік-инфрақұрылым саласын нығайтуға бағытталуын басты назарда ұстайды.

Елімізде азаматтардың денсаулығын нығайту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және оның қол жетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесулері, жеке қабылдаулары барысында аталған салаға қатысты сауалдар жиі көтеріледі.

Медицина саласындағы мәселелердің өзектілігін ескере келе, үстіміздегі жылдың  наурыз айындағы  қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында негізі мәселе ретінде «Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарға медициналық  қызмет көрсету мәселелері» мәселесі  қаралуы жоспарлануда.

Осы орайда, аталған мәселені алдын-ала зерделеу, қалаға қарасты кент және ауылдық округ тұрғындарының медицина саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін жинақтау мақсатында қалалық мәслихат депутаттарының халықпен кездесулері өтуде.

Бүгін  қалаға қарасты Ақсуат, Қызылжарма ауылдық округтерінде өткізілген кездесулерде елді мекен тұрғындарының ұсыныстары тыңдалып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауапты мамандары олардың сауалдарына жауаптар берді. Кездесулерге, қалалық мәслихат депутаттары С.Бихожаева, Қ.Орынбасарұлы, Т.Мақашов және «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ш.Әбдірахманов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Шүкірова қатысты.

Жиын барысында көтерілген мәселелер, сессия отырысына шығарылып тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Аталған сипаттағы кездесулер басқа да елді-мекендер жалғасатын болады.

Үстіміздегі жылдың 4 ақпан күні VI шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 55-ші сессиясы өтті. Сессияны қалалық мәслихат хатшысы, сессия төрағасы Р.Боханова жүргізді.

Сессия отырысына қала әкімі Н.Нәлібаев, қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, қалалық мәслихаттың аппарат басшысы мен қызметкерлері, қалалық бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №278-53/2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Қызылорда қалалық жер комиссиясының Ережесін және комиссия құрамын бекіту туралы, Қызылорда қаласының Тасбөгет кентіндегі көшелерге атау беру және қайта атау туралы, «Қызылорда қаласындағы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын сайлау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 11 қаңтардағы №210-35/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

 Сессия барысында қаңтар айында өткізілген қала әкімінің есеп беруі кезінде, әлеуметтік желілерде, депутаттардың сайлаушылармен кездесулерінде тұрғындар тарапынан көтерілген, ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан елді-мекендер мен шет аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға мәселелеріне тиісті қаржылар бөлініп, қалалық бюджетте бекітілді.

Ағымдағы жылғы 31 қаңтар күні Қызылорда қалалық мәслихатының «Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия отырысы өтіп, отырысқа Н.Ахатов төрағалық етті.

Күн тәртібінде "Қызылөзек және Қосшыңырау ауылдық округтерінде 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттің тиімді және нысаналы атқарылуы туралы" мәселесі қаралды. Ауыл әкімдері С.Әбдіжаппар, Д.Таубай хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

2020 жылғы 31 қаңтар күні Қызылорда қалалық мәслихатының «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы болып өтті.  Комиссия отырысында «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның атқарып отырған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы» мәселесі қаралды.

Іс-шара барысында мәслихат депутаттары Тасбөгет кентінде орналасқан «Қызылорда Су жүйесі» бас тоған су алу ғимаратының жұмысымен, «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның әкімшілік ғимараты, өндірістік базасының жай-күйімен танысты.

Депутаттық аралау шарасы кәсіпорын ғимаратында жалғасып, күн тәртібіндегі «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның атқарып отырған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы» мәселесіне орай кәсіпорын директоры М.Жәмиев хабарлама жасады.

Депуттар тарапынан жоғары қабаттағы пәтерлерге ауыз судың көтерілмеуі, ауыз су және кәріз су құдықтары қақпақтарының  ашық қалуы, ауыз су сапасы, кәріз су қалдықтарын кез-келген жерге төгіп кету,  кәсіпорын қызметкерлеріне уақытылы жалақы төлеу және басқа да сұрақтар қойылып, сала мамандары жауаптар берді.

Қазіргі таңда 700-ден астам азамат жұмыс жасайтын «Су жүйесі» кәсіпорны қала тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 44,7 мың текше метр таза ауыз су өндіріп 77308 тұтынушыларға таратуда. Сонымен бірге, мекеме теңгеріміндегі 33 арнайы техника мен 7 автокөлік халыққа қызмет көрсетуде.

Тұрақты комиссия отырысында көтерілген мәселелердің шешілуі қалалық мәслихаттың бақылауында болады.

7

6

5

4

3

2

1

8

8