• Главная
  • Мәслихат
  • Мәслихат регламенті

Мәслихат регламенті

Қызылорда қалалық мәслихатының регламентi

Қызылорда қалалық мәслихатының регламентi

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Қызылорда қалалық мәслихатының регламентi (бұдан әрi – регламент) «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрi – Заң) 9-бабына сәйкес әзiрлендi және мәслихаттың сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткiзу, оларға білім беру және мәслихат органдарын сайлау мәселелерін енгізу және қарау, олардың қызметi туралы есептердi, халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметi туралы есептердi тыңдау, депутаттардың сауалдарын, өкілеттіктерін қарау тәртiбiн, мәслихаттағы депутаттық бiрлестiктердiң қызметiн ұйымдастыруды, сондай-ақ дауыс беру тәртібін, аппарат жұмысын ұйымдастыруды және басқа да рәсiмдiк және ұйымдастырушылық мәселелерiн белгiлейдi.

2. Қызылорда қалалық мәслихаты (жергілікті өкілдік орган) облыстық маңызы бар қаланың халқы сайлайтын, халықтың еркiн бiлдiретiн және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны iске асыру үшiн қажеттi шараларды айқындайтын, олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Мәслихаттың заңды тұлға құқықтары болмайды.

3. Мәслихаттың қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.

 

2-тарау. Мәслихат сессияларын өткiзу тәртiбi

4. Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдарымен оның қарауына жатқызылған мәселелер шешiледi.

Егер мәслихаттың сессиясына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, оның құқықтық күші бар болады. Осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сессия мәслихаттың техникалық мүмкіндіктері ескеріліп, интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастырыла отырып жалпы отырыс нысанында өткiзiледi.

Сессияның жұмысында мәслихаттың шешiмi бойынша мәслихат белгiлеген, бiрақ күнтiзбелiк он бес күннен аспайтын мерзiмге үзiлiс жариялануы мүмкiн. Сессияның ұзақтығын мәслихат айқындайды.

Мәслихаттың әрбiр отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тiркеу жүргiзiледi, оның нәтижесiн мәслихат хатшысы отырыс басталардан бұрын жария етедi.

Мәслихаттың сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер бұған қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, мәслихат хатшысының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бiрінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешімі бойынша жабық сессияларды өткізуге жол берiледi.

Төтенше жағдай режимі жарияланған кезде немесе төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою кезінде, шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде сессия бейне-конференц байланыс немесе өзге де байланыс құралдары арқылы өткізілуі мүмкін.

5. Жаңадан сайланған мәслихаттың бiрiншi сессиясын осы мәслихат үшiн айқындалған депутаттар санының кемiнде төрттен үш бөлiгi болған кезде, мәслихат депутаттары тiркелген күннен бастап отыз күндiк мерзiмнен кешiктiрмей Қызылорда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.

6. Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы мәслихаттың бiрiншi сессиясын ашады және оны мәслихат хатшысы сайланғанға дейiн жүргiзедi. Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға депутаттар ішінен мәслихат хатшысының кандидатурасын енгізуді ұсынады, ол бойынша ашық немесе жасырын дауыс беру жүргізіледі. Депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусын жинаған кандидат сайланған болып есептеледi.

7. Мәслихат шешімдерді дауыс беру арқылы қабылдайды.

Дауыс беру:

  • бар болса, дауыстарды санаудың электрондық жүйесін пайдаланып;
  • қол көтеру арқылы;
  • бюллетеньдер пайдаланып жүзеге асырылады.

Дауыс беру өткізу үшін депутаттардың қажетті саны болмаған кезде мәслихат хатшысы не оны алмастыратын адам кворум қамтамасыз ету шараларын қабылдайды. Кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде төрағалық етуші дауыс беруді мәслихаттың келесі отырысына ауыстырады.

Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда,  мәслихаттың шешімі бойынша қайта дауыс беру өткізіледі.

Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерін мәслихат хатшысы немесе оны алмастыратын адам дауыс беруге қатысқандардың «жақтап», «қарсы» дауыс бергендердің, қалыс қалғандардың санын және дауыс қорытындысын көрсете отырып жария етеді. Деректер мәслихат отырысының хаттамасына енгізіледі.

Мәслихаттың бұрын қабылданған шешімдерінің күшін жою, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу олар қабылданған кездегідей дауыс беру арқылы жүргізіледі.

8. Мәслихаттың кезектi сессиясы мәслихат хатшысының шешімімен жылына кемінде төрт реттен сиретпей шақырылады және оны мәслихат хатшысы жүргiзедi.

Кезекті сессиялардың өткізілуін мәслихат сессияда жоспарлайды.

9. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын мәслихат хатшысы осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысы бойынша, сондай-ақ қала әкiмнiң өтініші бойынша шақырады және жүргiзедi.

Кезектен тыс сессия оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешiктiрiлмей кезектен тыс сессия шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралады.

10. Мәслихат хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен оның өткiзiлетiн орны, сондай-ақ сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы көрсетілген ақпаратты тиісті мәслихаттың ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы депутаттарды, халықты, әкімді хабардар етеді.

Ақпарат тиісті мәслихаттың интернет-ресурсында сессияға дейін кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда – кемінде үш күн бұрын орналастырылуға тиіс.

Мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер бойынша қажеттi материалдарды депутаттарға және қала әкiміне сессияға дейін кемiнде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн бұрын қағаз немесе электрондық түрде ұсынады.

11. Регламентте белгіленген тәртіппен мәслихаттың сессияларын, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында және мәслихат депутаттарының депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға байланысты біліктілігін арттыру кезеңінде депутат қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады, оған жергілікті бюджет қаражаты есебінен негізгі жұмыс орны бойынша, бірақ көрсетілген лауазымда бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде орташа жалақысы және жолдағы уақыты ескеріліп, мәслихаттың сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін, біліктілігі арттырылатын мерзімге іссапар шығыстары өтеледі.

12. Сессияның күн тәртiбiн мәслихат хатшысы мәслихаттың жұмыс жоспарының , мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттық фракция депутаттық топтар мен депутаттар, қала әкiмi енгізетін  мәселелердiң негiзiнде қалыптастырады.

Сессияның күн тәртiбiне ұсыныстарды мәслихат хатшысына жергiлiктi қоғамдастықтың жиналыстары, қоғамдық бірлестіктер ұсына алады.

Сессияның күн тәртiбiн талқылау барысында ол толықтырылуы және өзгертiлуi мүмкiн. Мәслихат сессияның күн тәртiбiн бекiту туралы шешiм қабылдайды.

Күн тәртiбi бойынша дауыс беру әрбiр мәселе бойынша жеке өткiзiледi. Егер мәселеге мәслихат депутаттарының көпшiлiгi дауыс берсе, ол күн тәртiбiне енгiзiлдi деп есептеледi.

13. Сессияға енгiзiлетiн мәселелердi сапалы дайындау үшiн мәслихат хатшысы сессияны дайындау жөнiндегi iс-шаралар жоспарын уақытылы әзiрлейді және қала әкiмiмен келiсу бойынша бекiтедi.

14. Мәслихаттың қарауына жататын мәселелер бойынша мәслихаттың сессиясына қаланың, кент және ауылдық округтардың әкiмдерi, жұмысы туралы ақпарат сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары шақырылады. Сессияларға мәслихат хатшысының  шақыруымен бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкiлдерiнiң қатысуына жол берiледi.

15. Мәслихаттың отырысына шақырылған адамдар үшiн отырыс залында арнаулы орындар бөлiнедi. Шақырылған адамдардың мәслихат сессиясының жұмысына араласуына, мәслихат сессиясының шешiмдерiн мақұлдайтынын немесе мақұлдамайтынын бiлдiруiне жол берiлмейдi.

Шақырылған адам тәртiптi өрескел бұзған жағдайда, мәслихат хатшысының шешiмi немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшiлiгiнiң талабы бойынша отырыс залынан шығарылуы мүмкiн.

16. Мәслихаттың отырыстары мәслихат айқындаған уақытта өткiзiледi.

Мәслихат хатшысы өз бастамасы немесе депутаттардың уәжді ұсынысы бойынша үзiлiстер жариялай алады. Жалпы отырыстың соңында депутаттарға қысқа мәлiмдемелер мен хабарламалар жасау үшiн уақыт берiледi, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.

17. Мәслихат отырыстарында баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу, кандидатураларды талқылау, дауыс беру, анықтамалар мен сұрақтар үшін сөз сөйлеу регламентін мәслихат айқындайды. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, мәслихат хатшысы оның сөзін тоқтатады немесе отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.

 Мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Депутаттық сауалдар, сұрақтарға түсініктер мен жауап беру үшін сөйлеу жарыссөздерде сөз сөйлеу деп есептелмейді. Сөйлеу құқығын басқа депутатқа беруге жол берілмейді.

Жарыссөздер сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің ашық дауыс беруімен тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде, мәслихат хатшысы сөз сөйлеуге жазылған және сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз беруді талап ететіндігін анықтайды.

18. Отырысты жүргізу тәртiбi бойынша сөз депутатқа сөз сөйлеп тұрған адамның сөзi аяқталған соң кезектен тыс берiледi. Мәслихат хатшысы анықтама, депутаттық сауал, сұраққа жауап және талқыланып отырған мәселе бойынша түсiндiрме беру үшiн кезектен тыс сөз бере алады.

Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде берiледi. Жазбаша сұрақтар мәслихат хатшысына берiледi және мәслихат отырысында жария етiледi.

 

3-тарау. Мәслихат актiлерiн қабылдау тәртiбi

19. Егер заңда өзгеше белгiленбесе, мәслихат өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен шешiмдер қабылдайды.

20. Шешiмдердiң жобаларын мәслихат аппаратының басшысы мәслихат хатшысына бередi.

Мәслихаттың хатшысы қарауға қабылданған шешiмдердiң жобаларын барлық қажеттi материалдарымен қоса қарау және ұсыныстар дайындау үшiн  тұрақты комиссияларға жолдайды.

Тиісті аумақтың бюджеті туралы шешімнің жобасын дайындау осы Регламенттің       29-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Шешiмдердiң жобаларымен жұмыс iстеу және басқа да мәселелердi дайындау үшiн тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Қажет болған жағдайда жұмыс тобының құрамына басқа тұрақты комиссиялардың депутаттары тартылуы мүмкiн. Жұмыс тобының жұмысына кез келген депутат қатыса алады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, тиісті атқарушы органның ұсынуы бойынша мәслихат онымен бiрлескен шешiм қабылдайды.

21. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, мәслихаттың нормативтік құқықтық шешімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге және жариялануға жатады.

22. Сессияға мәселесін дайындауға қатысатын тұрақты комиссиялар арасында келiспеушiлiктер болған кезде  комиссиялардың төрағалары және мәслихат хатшысы оларды еңсеру бойынша шаралар қабылдайды, қалған келiспеушiлiктер мәслихат депутаттарының назарына жеткiзiледi.

23. Сессияда мәселенi қараған кезде шешімдердің жобаларына жауапты комиссияның (жұмыс тобының), немесе депутаттық фракцияның негізгі баяндамасы, ал қажет болған жағдайда мәселені қарауға қатысатын басқа да комиссиялардың (жұмыс топтарының) немесе депутаттық фракциялардың қосымша баяндамасы тыңдалады.

Шешімбердің жобаларына жауапты комиссияның (жұмыс тобының) немесе депутаттық фракцияның баяндамасында шешімдердің жобаларына  енгiзiлген және қабылданбаған ұсыныстар көрсетiледi, түзетулердi қабылдаудың немесе қайтарудың себептерi дәлелденедi.

Шешімдердің жобалары бойынша қосымша баяндаманың ережелерiмен немесе қорытындылармен келiспейтiн тұрақты комиссиялар, комиссиялардың және жұмыс топтарының жекелеген мүшелерi өз пiкiрлерiн қаралатын мәселе бойынша жалпы жарыссөздер басталғанға дейiн баяндай алады.

24. Шешiмнiң жобасын талқылау тармақтар бойынша жүргiзiледi. Шешімдердің жобаларына түзетулер ұсынылып отырған өзгерiстер немесе толықтырулар нақты тұжырымдалып, олардың шешiм жобасының мәтiнiндегi орны көрсетiлiп, жазбаша түрде берiледi. Осы талаптарды қанағаттандырмайтын түзетулер қарауға қабылданбайды.

Рәсімдік мәселелер бойынша мәслихаттың шешімдері жеке шешім қабылдамай, отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы хаттамамен қабылданады және отырыс хаттамасында тіркеледі.

Мына: отырысты жүргізу тәртібі, мәселелерді талқылау кезектілігі, жарыссөздерді тоқтату, сөз сөйлеу уақытын шектеу немесе ұзарту, дауыс беру тәсілдері, кворумды куәландыру және дауыстарды қайта санау, қаралатын мәселелер бойынша бұрын қабылданған шешімдерге және (немесе) қайта дауыс беруге оралу туралы мәселелер рәсімдік болып табылады.

25. Мәслихат сессиясы күн тәртiбiнiң әрбiр мәселесi бойынша шешiм қабылдайды. Бiр мәселе бойынша шешiмдердiң бiрнеше нұсқасы енгiзiлген жағдайда, олардың әрқайсысы сессияға қатысып отырған депутаттарға берiледi.

Шешiмдердiң енгiзiлген барлық жобалары дауысқа қойылады. Жобалардың бiрi негiзге алынғаннан кейiн депутаттар оған түзетулер қабылдау рәсiмiне кiрiседi.

26. Мәслихат шешiмiнiң жобасына түзетулер болған жағдайда, дауыс беру мынадай ретпен жүзеге асыралады:

1) мәслихат шешiмiнiң ұсынылған (пысықталған) жобасы негiзге алынады, ол керi қайтарылған жағдайда, түзетулер бойынша одан әрi дауыс беру тоқтатылады;

2)  негiзге алынған жобаға енгізілмеген түзетулер кезпен дауысқа қойылады;

3) сессия шешiмi қабылданған түзетулер ескеріліп, тұтастай дауысқа салынады. Шешiмдердiң қабылданбаған жобалары және оларға түзетулер бойынша ағымдағы сессияда қайта дауыс беруге жол берiлмейдi.

27. Түзетулер жеке-жеке дауысқа қойылады, оларға дауыс берудiң ретiн мәслихат хатшысы не оны алмастыратын адам айқындайды. Өзара қайшы келетiн түзетулер бойынша дауыс берерден бұрын олардың соңғысын төрағалық етушi оқиды. Түзету авторларының олардың мәнi бойынша түсiнiк берiп немесе оларды талқылаудан алып тастау туралы ұсыныспен сөз сөйлеуiне жол берiледi.

Мәслихат шешiмдерiне өзгерiстер оларды қабылдау үшiн белгiленген тәртiппен енгiзiледi.

Сессиялардың хаттамалары сессиядан кейiн бiр айдан кешiктiрiлмей басылып, заңнамада белгiленген тәртiппен сақталады.

28. Жоспарлардың, аумақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамыту бағдарламаларының, олардың орындалуы туралы есептердiң, аумақты басқару схемаларының жобалары және мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын басқа да мәселелер, сондай-ақ олар бойынша түсіндірме жазбасы мен тиесілігіне қарай келiсу визалары бар қазақ және орыс тілдеріндегі шешімдердің барлық қажетті материалдарымен қоса мәслихатқа кезектi сессияға дейiн кемінде үш апта қалғанда енгiзiледi.

Жергілікті өкілді органның жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерін қысқартуды көздейтін шешімдердің жобалары әкімнің оң қорытындысы болған кезде ғана мәслихаттың қарауына енгізілуі мүмкін.

29. Тиісті аумақ бюджетінің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Мәслихат не мәслихаттың хатшысы бюджеттiң жобасын қарау жөнiндегi мәслихаттың уақытша комиссиясын құрады, оның құрамына мәслихат аппаратының қызметкерлерi, жергiлiктi атқарушы органдардың және кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының өкілдері қосылуы мүмкін.

Мәслихат хатшысы бюджет жобасы келіп түскеннен бастап екі жұмыс күні ішінде тиісті комиссиялардың атына бюджет жобасы бойынша қорытынды дайындауға қажетті мерзімдерді көрсетіп, тапсырма береді.

Тұрақты комиссиялар мәслихаттың уақытша комиссиясының пiкiрiн ескере отырып, тиiстi аумақ бюджетінің жобасы бойынша тиісті негiздемелері, есеп-қисаптары бар ұсыныстарбы жинақтау мен қорытынды дайындауды жүзеге асыратын бейiндi тұрақты комиссияға жiбередi.

Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган сессия басталғанға дейін кемiнде екi апта бұрын бюджет туралы шешiм жобасының түпкiлiктi нұсқасын барлық қажеттi материалдармен қоса мәслихаттың хатшысына ұсынады.

Облыстық мәслихаттың облыстық бюджетті бекіту туралы шешіміне қол қойылғаннан кейін екі апта мерзiмнен кешiктiрмей, қалалық мәслихат қалалық бюджетті бекiтедi. Қалалық мәслихаттың қалалық бюджетті бекіту туралы шешіміне қол қойылған күннен бастап қалалық мәслихат қаржы жылының соңына дейін кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерін бекітеді. Кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерін қалалық мәслихаттың жеке шешімдерімен бекітуге жол беріледі.

30. Мәслихаттың кезектi сессиясына тиiстi жылға арналған жергілікті бюджеттi нақтылауға қатысты жоспардан тыс мәселелер енгiзiлген кезде, материалдарды ұсыну бюджеттiк заңнамада көзделген мерзiмдерде жүзеге асырылады.

31. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында тиісті аумақтың бюджетін нақтылау кезінде оны шақыру туралы шешiм қабылданған күннен бастап екi күн iшiнде бюджет жобасын тұрақты (уақытша) комиссияларда қарау бойынша жұмыстар жүргiзiледi.

 

4-тарау. Есептердi тыңдау тәртiбi

32. Мәслихат жергiлiктi бюджеттiң, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуын бақылауды тиісті аумақ әкімінің есептерін тыңдау жолымен жүзеге асырады.

33. Мәслихат отырысында депутаттар алдында тиісті аумақ әкімінің жыл сайынғы есебін тыңдау мәслихат хатшысының не оны алмастыратын адамның күн тәртібі бойынша кысқаша кіріспе сөзінен басталады.

Мәслихат хатшысының не оны алмастыратын адамның сөзінен кейін сөз тиісті аумақтың әкіміне беріледі.

Әкімнің баяндамасында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, өңірлерді дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Есеп беруден кейін депутаттар сұрақтар қоюға және оларға жауаптар алуға, өз пікірін айтуға құқылы.

Әкiмінiң (оның мiндетiн атқарушы адамның) өзiне жүктелген функциялар мен мiндеттердiң орындауы туралы есебi және ол бойынша шешiмнiң жобасы тиiстi сессиядан үш апта бұрын мәслихаттың қарауына енгiзiледi.

34. Отырыс аяқталғаннан кейін мәслихат хатшысы не оны алмастыратын адам:

1) Әкiмінiң (оның мiндетiн атқарушы адамның) есебін бекіту туралы;

2) есепті қабылдамау және оны қайта тыңдау қажеттігі туралы мәселені дауысқа қояды.

Әкiмінiң (оның мiндетiн атқарушы адамның) есебін қайта тыңдау есеп қабылданбаған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылады.

Әкiмінiң (оның мiндетiн атқарушы адамның) пысықталған есебі ол қабылданбаған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей мәслихатқа енгізіледі.

35. Мыналар:

1) жоспарлардың, аумақты экономикалық және әлеуметтік дамыту  бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы әкім ұсынған есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі;

2) жергілікті қоғамдастық жиналысының қала, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастама жасауы мәслихаттың   білдіру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.

Қала, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастама жасау Заңның 39-3-бабына сәйкес жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасымен расталады.

36. Мәслихат хатшысының, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен  өзге органдары төрағаларының есептерін мәслихат тыңдайды.

Мәслихат хатшысы жылына кемiнде бiр реттен сиретпей мәслихаттың кезектi сессияларында мәслихаттың қызметiн ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс, депутаттардың сауалдары мен депутаттық жолданымдардың қаралу барысы, сайлаушылардың жолданымдарды және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметi туралы есеп бередi.

Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының төрағалары жылына кемiнде бiр реттен сиретпей мәслихаттың кезектi сессияларында жүктелген функциялар мен өкiлеттiктердiң орындалуы туралы есеп бередi.

37. Қызылорда облыстық тексеру комиссиясының бюджеттің атқарылуы туралы есептерін мәслихат жыл сайын қарайды.

38. Мәслихат жылына бiр реттен сиретпей халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметi туралы есеп бередi.

39. Қалалық мәслихаттың есебін мәслихат хатшысы, не оны алмастыратын адам, не тұрақты комиссиялардың төрағалары басқаратын депутаттар тобы жылына бір реттен сиретпей  жергiлiктi қоғамдастықтың жиындарында тұрғындарға ұсынады.

Тұрғындар алдында мәслихат хатшысын не оны алмастыратын адамды, не тұрақты комиссияның төрағасын тыңдау тиісті аумақ әкімінің күн тәртібі бойынша қысқаша кіріспе сөзімен басталады.

Тиісті аумақтың әкімінен кейін сөз мәслихат хатшысына, не оны алмастыратын адамға, не тұрақты комиссияның төрағасына беріледі.

Есеп беруден кейін тұрғындар сұрақтар қоюға және оларға жауап алуға, өз пікірін айтуға құқылы, олар хаттамаға енгізіледі.

Есеп беру кездесулерінің хаттамаларын мәслихат аппаратының басшысы дайындайды және оған мәслихат хатшысы не оны алмастыратын адам, не тұрақты комиссияның төрағасы қол қояды.

 

5-тарау. Депутаттық сауалдарды қарау тәртiбi

40. Мәслихат депутаты мәслихаттың құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша ресми жазбаша сауалмен қала әкiміне, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесiне, прокурорға және орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына жүгiнедi.

41. Сессия басталғанға дейiн енгiзiлетiн депутаттық сауалдар мәслихат хатшысына берiледi және оларды сессияның күн тәртiбiне енгiзу туралы мәселе шешiлген жағдайда, оның отырысында қаралады. Мәслихат хатшысы депутаттық сауал алынғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей  оның көшiрмесiн ол жолданған органға немесе лауазымды адамға жібереді. Сессияны өткiзу барысында енгiзiлетiн депутаттық сауалдар отырыста төрағалық етушіге берiледi.

42. Сессияда қаралуға тиiс басқа мәселелерге байланысты емес депутаттық сауал күн тәртiбiне жеке мәселе ретiнде енгiзiледi не сессия жұмысының соңында бұл үшiн арнайы бөлiнген уақытта қаралады. Мәслихат сессияның күн тәртiбiн депутаттық сауалдармен және сұрақтармен жұмыс iстеуге уақыт резерві көзделетіндей етiп айқындайды. Сессияда шешілуге тиіс басқа мәселелермен байланысты депутаттық сауалдар күн тәртiбiне енгiзiлмейдi және оларды сессияда төрағалық етушi тиiстi мәселе бойынша жарыссөздер басталғанға дейiн жария етедi.

43. Мәслихат депутаттық сауалды қарауды басқа сессияға ауыстыра алады. Депутаттық сауалдарды енгiзген депутаттар сессияның күн тәртiбi бекiтiлгенге дейiн оларды керi қайтарып ала алады. Сессияның күн тәртiбi бекiтiлгеннен кейiн депутаттық сауалды қараудан алып тастау мәслихаттың шешiмi бойынша жүзеге асырылады. Депутаттық сауалдар сессияның хаттамасына тiркеледi.

44. Депутаттық сауалға жауап бiр айдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жазбаша нысанда ұсынылады, оған осы Регламенттің 40-тармағында көрсетілген адамдар немесе атына депутаттық сауал жіберілген мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның орынбасары қол қояды.

Депутаттың депутаттық сауалға берiлген жауап бойынша өз пiкiрiн бiлдiруіне мүмкіндік беріледі. Прокурорға жолданған депутаттық сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауға тиiс.

 

6-тарау. Мәслихаттың лауазымды адамдары, тұрақты комиссиялары

және өзге де органдары, мәслихаттың депутаттық бiрлестiктерi

6.1. Мәслихат хатшысы

45. Мәслихаттың бiрiншi сессиясында депутаттар тұрақты негізде жұмыс істейтін және мәслихатқа есеп беретін лауазымды адам болып табылатын мәслихат хатшысының лауазымына кандидатуралар ұсынылады.

Ұсынылатын кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Кандидаттар өздерiнiң алдағы қызметiнiң үлгi бағдарламаларымен таныстырады. Егер ашық немесе жасырын дауыс беру нәтижесiнде мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусын алса, кандидат мәслихаттың хатшысы лауазымына сайланды деп есептеледi.

Егер мәслихат хатшысының лауазымына екiден көп кандидат ұсынылған болса және олардың бiрде-бiрi сайлану үшiн талап етiлетiн дауыс санын жинай алмаса, неғұрлым көп дауыс алған екi кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру жүргiзiледi.

Егер қайтадан дауыс беру кезiнде осы кандидаттардың бiрде-бiрi депутаттардың жалпы санының жартысынан көбінің даусын жинай алмаса, қайтадан сайлау өткiзiледi.

Мәслихат хатшысы мәслихат өкiлеттiгiнiң мерзiмiне сайланады.

Мәслихат хатшысы өкiлеттiктерiн Заңға және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады.

46. Мәслихат хатшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы немесе мәслихаттың сессиясында кезекті шақырылымның бүкіл мерзіміне айқындалатын мәслихат депутаты  уақытша жүзеге асырады.

47. Егер мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде депутаттдың дауысы тең бөлiнген жағдайда, мәслихат хатшысы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.

48. Мәслихат хатшысы мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына кiруге құқылы емес. Мәслихат хатшысының өкiлеттiктерi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде жаңа хатшыны сайлау Заңда және осы Регламентте белгiленген тәртiппен өткiзiледi.

6.2. Мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары

49. Мәслихат бірінші сессияда депутаттар қатарынан мәслихаттың қарауына жататын мәселелердi алдын ала қарау және дайындау, оның шешiмдерiн, заңдарды іс жүзіне асыруға жәрдемдесу, өз құзыретi шегiнде  функцияларды жүзеге асыру үшiн өз өкілеттігінің мерзіміне тұрақты комиссиялар құрады. Мәслихат тұрақты комиссиялардың мүшелерiн депутаттар қатарынан ашық дауыс беру арқылы сайлайды.

Әрбір тұрақты комиссиялардың тiзбесi, саны және құрамы дауысқа жеке-жеке қойылады. Олардың сандық және дербес құрамы мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша мәслихат айқындайды.

Тұрақты комиссиялардың саны жетiден аспауға тиiс.

Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.

50. Тұрақты комиссиялардың қызметiн ұйымдастыру, функциялары мен өкiлеттiктерi Заңда және осы Регламентте айқындалады.

51. Мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелердi сессияларда қарауға дайындау мақсатында мәслихат не мәслихаттың хатшысы уақытша комиссиялар құра алады. Уақытша комиссияларды құру кезінде мәслихат олардың құрамын, мiндеттерiн, өкiлеттiк мерзiмдерi мен құқықтарын айқындайды.

52. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе мәслихаттың шешiмi бойынша жария тыңдаулар өткiзе алады.

Жария тыңдаулар тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелердi талқылау мақсатында, осы комиссиялардың депутаттар, атқарушы органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерi, азаматтар қатысатын кеңейтiлген отырыстары нысанында өткiзiледi.

Жария тыңдаулар өткiзу үшiн депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшiн өзге мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мамандары жұмылдырылуы мүмкiн.

Тұрақты комиссия жария тыңдаулар өткізілерден бір ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдағы жария тыңдаулардың тақырыбын, өткізілетін күні мен уақытын халықтың назарына жеткiзедi.

Тұрақты комиссия жария тыңдауларға мүдделi мемлекеттiк органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн шақырады. Жария тыңдауларға мәслихаттың басқа тұрақты комиссиялардан мәслихат депутаттары қатыса алады.

Жария тыңдауларда тұрақты комиссияның депутаты сөйлегеннен кейін сұрақтарға жауап беруге уақыт бөлінеді.

Сөз сөйлеу қорытындылары бойынша комиссия депутатының баяндамасына келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер жария тыңдаулар хаттамасына енгізіледі.

Жария тыңдаулардың хаттамасын мәслихат аппаратының қызметкері дайындайды және оған жария тыңдауларда төрағалық еткен депутат қол қояды.

53. Қаралатын мәселелер «Мемлекеттiк құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттiк немесе қызметтiк құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, әдетте, ашық болады.

Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттiлiгiне қарай шақырылады және мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледi.

Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады.

Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары қол қояды.

6.3. Мәслихаттың тұрақты комиссисының төрағасы

54. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасын мәслихат сессиясында ашық дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен депутаттар қатарынан мәслихат сайлайды және оны лауазымнан босатады.

Егер мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына екеуден көп кандидатура ұсынылса және олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын жинай алмаса, неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру өткізіледі.

Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан көбінің даусын жинай алмаса, қайтадан сайлау өткізіледі.

Егер комиссияның отырысында дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

55. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірінің төрағасы боламаған кезде мәслихат хатшысының шешімі бойынша оның өкілеттігін мәслихаттың басқа тұрақты комиссиясының төрағасы немесе мәслихаттың осы тұрақты комиссиясының мүшесі болып табылатын депутат уақытша жүзеге асырады.

56. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы өкілеттігін Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Регламентке және мәслихаттың шешіміне сәйкес жүзеге асырады.

6.4. Мәслихаттың есеп комиссиясы

57. Мәслихат не мәслихат хатшысы уақытша, оның ішінде есеп комиссияларын құруға құқылы. Есеп комиссияның құрамын, міндеттері мен өкілеттік мерзімдерін мәслихат айқындайды.

Мәслихат есеп комиссиясының тақ саннан тұратын құрамын ашық дауыс беру арқылы депутаттар қатарынан сайлайды.

Мәслихат осы комиссияның құрамына мәслихат аппаратының, мемлекеттік органдардың және басқа да ұымдардың жұмыскерлерін қосуға құқылы.

58. Ашық дауыс беру өткізілген кезде есеп комиссиясы дауыс беру және оның қорытындысын шығару процесін ұйымдастырады.

Есеп комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды, оның шешімдері ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.

Ашық дауыс беру басталар алдында мәслихат хатшысы дауысқа қойылатын ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың мазмұнын оқып береді.

59. Мәслихат хатшысын сайлау үшін жасырын дауыс беру өткізілуі мүмкін. Мәслихат хатшысының шешімі бойынша жасырын дауыс беру өзге мәселелер бойынша да өткізілуі мүмкін.

Жасырын дауыс берудің уақыты мен орнын, оны өткізу тәртібін есеп комиссиясы белгілейді және оны есеп комиссиясының төрағасы хабарлайды.

Бюллетеньдерді беру тiкелей дауыс беру алдында жүргiзiледi, олар есеп комиссиясының бақылауымен, ол белгiлеген нысанда бойынша отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең мөлшерде жасалады және оларға есеп комиссиясының төрағасы қол қояды.

Әрбір депутатқа есеп комиссиясының төрағасы қол қойған бір бюллетень беріледі. Бюллетеньдердің жалпы саны мәслихат депутаттарының тізімдік құрамының санынан аспауға тиіс.

Жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер мәслихат депутаттарына олар депутат куәләгән көрсеткен кезде беріледі.

Белгiленбеген нысандағы бюллетеньдер есептеу кезінде есепке алынбайды.

Белгiленбеген нысандағы бюллетеньдер, ал лауазымды адамдарды сайлау кезінде бір лауазымға біреуден артық кандидатура белгіленген бюллетеньдер де жарамсыз деп есептеледі. Дауыстарды санау кезінде бюллетеньде қосымша жазылған тектер есепке алынбайды. Біреуден артық шешім жобасы белгіленген бюллетеньдер жарамсыз деп есептеледі.

Толтырылмаған бюллетеньдер және барлық кандидаттардың тектері белгіленбеген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.

Есеп комиссиясы дауыс беру аяқталған соң дауыс беруге арналған жәшікті ашуға тиіс. Дауыс беру аяқталғанша жәшікті ашуға тыйым салынады.

Есеп комиссиясы жасырын дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды, оған есеп комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.

Өткізілген дауыс беру рәсімі мен техникасында қателер анықталған жағдайда, мәслихаттың шешімі бойынша қайтадан дауыс беру өткізіледі.

Дауыс беру кезінде болмаған мәслихат депутаты кейіннен дауыс беруге құқылы емес.

6.5. Мәслихаттардағы депутаттық бiрлестiктер

60. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бiрлестiктер, депутаттық топтар түрiнде депутаттық бiрлестiктер құра алады. Мәслихат хатшысы депутаттық бiрлестiктерге кiре алмайды. Депутаттың тек бiр ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.

61. Депутаттық фракциялар мен топтарды тiркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келiп тiркелу тәртiбiмен жүргiзiледi және тек ақпараттық сипатта болады.

62. Депутаттық бiрлестiктердiң мүшелерi:

1) мәслихаттың күн тәртiбi, талқыланатын мәселелердi қарау тәртiбi және олардың мәнi бойынша ескертулер мен ұсыныстар енгiзе алады;

2) мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пiкiрлерiн айта алады;

3) мәслихат шешiмдерiнiң жобаларына түзетулер ұсына алады;

4) депутаттық бiрлестiктiң қызметiе қажеттi материалдар мен құжаттарды сұрата алады.

63. Саяси партияның фракциясы өз қызметiнде саяси партияның басшы органдарымен өзара iс-қимыл жасайды, саяси партияның қоғамдық қабылдау бөлмесiнiң жұмысына қатысады, сондай-ақ мәслихаттың кемiнде үш депутатын бiрiктiреді. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемiнде бес депутаты болуға тиiс.

 

7-тарау. Депутаттық әдеп қағидалары

64. Мәслихат депутаттары:

1) бiр-бiрiне және Мәслихат сессияларының, мәслихат комиссиялары мен оның жұмыс органдарының жұмысына қатысатын барлық басқа да адамдарға  құрметпен қарауға тиiс;

2) өздерi сөз сөйлегенде мәслихат депутаттарының және басқа адамдардың ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтiретiн  негізсіз айыптауларды, дөрекi, қорлайтын сөздердi қолданбауға тиiс;

3)    заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттерге шақырмауға тиiс;

4) мәслихаттың, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қалыпты жұмысына кедергi келтiрмеуге тиiс;

5)    сөйлеушiлердiң сөзiн бөлмеуге тиiс.

65. Бұқаралық iс-шараларды өткiзу кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлегенде, мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың қызметiне пiкiр бiлдiргенде депутат анық, тексерiлген фактiлердi ғана пайдалануға тиiс.

66. Депутат мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынаста өзiнiң депутаттық мәртебесiнiң артықшылығын жеке мақсатта пайдаланбауға тиiс.

67. Мәслихат депутаты депутаттық өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезінде өзiне белгiлi болған мәлiметтердi, егер бұл мәлiметтер мәслихат сессияларының, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен оның өзге де органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты болса, жария ете алмайды.

68. Мәслихат атынан өкiлдiк етуге арнаулы өкiлеттiгi жоқ мәслихат депутаты мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен тек өзінің атынан ғана байланысқа түсе алады.

69. Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген өз мiндеттерiн орындамағаны және (немесе) тиiсiнше орындамағаны, сондай-ақ мәслихат регламентiнде белгiленген депутаттық әдеп қағидаларын бұзғаны үшiн мәслихат депутатына мінеу және (немесе) жария кешірім сұрауға мәжбүр ету түріндегі жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн.

8-тарау. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру

70. Мәслихат депутаттары біліктілікті арттырудан өтеді. Мәслихат депутаттарының біліктілікті арттырудан өту кезеңділігі сайланған депутат өкілеттігінің алғашқы екі жыл ішінде бес жылда бір ретті құрайды.

71. Мәслихат депутаттары біліктілігін арттыру үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдары мен олардың филиалдарына жіберіледі.

72. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру ұзақтығы кемінде 40 академиялық сағатты құрайды.

73. Біліктілікті арттыруды табысты аяқтаған депутаттарға біліктілікті арттыруды аяқтағанын растайтын қағаз түріндегі немесе электрондық түрдегі сертификат беріледі.

74. Мәслихат аппараты мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жоспарлайды.

9-тарау. Мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыру

75.  Мәслихат пен оның органдарының қызметiн ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, депутаттарға өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға көмек көрсету үшiн мәслихат аппараты құрылады.

Мәслихат аппараты жергiлiктi бюджеттің қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.

Мәслихат аппараты туралы ереженi мәслихат бекiтедi.

76. Мәслихат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген штат санының лтмиті мен бөлiнген қаражат шегiнде мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi, оны қамтуға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды.

77. Мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанда, мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.


2022г. © Қызылорда қалалық мәслихаты